Үлгі ауылындағы кездесу


21.05.2022

Алтыншы мамырда аудандық мәслихат хатшысы А.Әли, Үміткер ауылдық округінің әкімі Ж.Қазыбекова, аудан әкімінің орынбасары А.Дардаков, Аманат партиясының атқарушы хатшысы  А.Бозаева, облыстық мәслихат депутаттары Б.Дүйсенбаев, Сүйіндік Асан Юржанұлы, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы А.Оспанов, мәдениет үйінің басшысы Қ.Талашев Үлгі ауылының тұрғындарымен бұрынғы мектеп, қазіргі клуб ғимаратында кездесті.

Заманның кең кезінде бұл ауылда 200-ге жуық отбасы тұрып, тіршілік жасаған, еңбек еткен. Керемет еңбектің үлгісін көрсеткен. Бүкіл әлемге білімділігімен танылған академик Қаныш Сәтбаевтың табаны тиген бұл жерге «Қаныш бағы» отырғызылған.

Қазіргі уақытта ауылда онға жетер-жетпес түндік қалған. Өткен жылы ауылдағы мектеп жабылып, көптеген оқушыны ата-аналары мектебі бар жерлерге қоныс аударып, алып кеткен. Ауылға қатынайтын жол, ауыз су, байланыс мәселесі, жайылымның күн санап тарылуы адамдардың заңды ренішін тудыруда.

Ауылдың маңы шұрайлы, бұнда осы жерде тұрып, кейін басқа жерге қоныс аударған жастар келіп, мал ұстап, отбасына табыс кіргізуде. Бір түсінгеніміз – осы адамдар ауылда сапалы су болғанын, мектептің қайтадан ашылғанын, жолдың жөнделіп, интернет жүйесімен қамтылғанын қалайды. Бұрынғы жабылған мектеп қазіргі уақытта клуб мекемесіне айналыпты. Оның да жылыту қазандығы істен шығып, алдағы қыс маусымына дайын еместігін айтады клуб меңгерушісі.”Қаныш бағының“ біршама жерлері қоршаусыз тұрғанын, оны да алдағы уақытта қолға алу керектігін айтады ауылдың тұрғындары.

Ертеден көшпелі өмір сүрген қазақ ұлтының ежелгі мекені – ауыл екенін бәріміз білеміз. Ауыл – қазақ қоғамында бұрыннан қалыптасқан киелі мекен. Ауыл – ұлтымыздың ұйытқысы, әрбір қазақ баласының кең дүниенің есігін ашып, өмірге келген құтты мекені. Ауыл – қашанда барлық адамның анасы. Ұлттың түбі мен тамыры осы қасиетті мекеннен бастау алады. Сондықтан да – “ауылдың амандығы, елдің амандығы“ делінеді. Ауыл – мал шаруашылығын дамытудың міндетін атқарып, атам заманннан-ақ осы іске адал болып келеді.

Түгін тартсаң майы шығатын ауылдың қазіргі жағдайы баршаны алаңдатады. Мектептің жабылуының өзі ауылдың тамырына балта шауып отырған фактордың бірі. Баласы жанында болса, көз алдында жүріп, оқыса – ата-ана да риза, көңілі көтеріңкі. Ал қазір көптеген аналар балаларын көз алдынан таса қылмау үшін мектептері бар жерлерге қоныс аударуда. Асхат Сағадиұлы осы мәселенің алдын алу жолын бұдан бірнеше жыл бұрын айтқанын тілге тиек етті.

Ауылдың біршама азаматтары сыртта қызметте, орайы келсе ауылдарына келіп, өздерінің туған жерінде еңбек етіп, балаларын осы жердің мектебінде оқытсам деген ойларын айтады. Негізгі мектеп ашу үшін ауылда оқушы саны 41 болуы керек екен. Сондықтан, келесі оқу жылының басталуына дейін осындай баланың саны жиналса, аудан билігі қолдан келгеннің барлығын жасайтынын айтады.

Бұл күні жиналғандар көкейлерінде жүрген мәселелердің барлығын ортаға салды. Барлық сұрақтар жеке бастың түйткілі емес, дүрілдеп тұрған ауылдың осындай жағдайға келуіне қатысты өкінішпен баяндалып, жиынға келген азаматтармен бірге талқыланды. Ауылға су келетіні, «Қаныш бағы» қоршалатыны туралы айтылып, осы маңайдың жерін конкурста ұтып алған Төрткөл ауылының шаруаларына жайылым туралы сұрақтары қойылды.

Ауыл – әрқашанда алтын бесік болған. Ауылдың осындай жағдайына алаңдаушылық білдірген азаматтардың осы күнгі айтқандарының барлығы назарға алынып, жыл бойына бақылауда болатын айтылды.

Ауылдың адамдарының үдере қалаға көшуі ауданымыздың бірша елді мекендеріне тән. «Жаңа Қазақстанды құру» - ел тұрғындарының жұмыла отырып атқаратын ісі. Ауылдың адамы кәсіпкерлікті игеріп, өз алдына шаруашылық ашып, отбасына да, ауылына да пайда әкелетін болса, ол қоғамымыз үшін жақсы болар еді.

Алдағы уақытта ауылға аудан әкімі барып, тұрғындармен кездесетінін айтып, келген қонақтар қоштасып, жиналыс мәресіне жетті.

Қ.Ахметова

Д.Торжановтың суреттерінде: билік басындағы азаматтар; кездесу сәті.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?