Ауылға су келді


14.11.2020

Қараша айының 10 жұлдызында Ақөре ауылына іссапармен барған едік. Ауылда қуанышты жағдай орын алған екен. Көп жылдан бері шешімін таппаған мәселеге айналып, қаншама ауыл адамының басқа елді мекендерге қоныс аударуына себеп болған ауыз су бүгінгі күні ауыл тұрғындарының үйлеріне енгізіліп, қуанышты сезімге бөлеген екен.

Бізге берілген ақпарат бойынша «Жұмыстылықтың жол картасы» бағдарламасы бойынша Бұқар жырау аудандық коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөліміне Ақөре ауылының тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 28 миллион теңге бөлініпті.

Сапалы ауыз судың адам өміріндегі маңызы туралы барлық оқырмандар жақсы біледі. Біз осы ауылдың тумасы, осы ауылда балалығы да, жастық шағы да, қызықты әжелік өмірі өтіп жатқан Ниязбекова Биғайша апайдың үйіне барып, бірнеше сұрақ қойған болатынбыз.

- Ауылдың қаншама тұрғыны су жоқ, мобильді байланыс, жұмыс жоқ, жол қатынасы қиын деп ауылдан көшіп кетті. Ауылда бір колонка болатын, жазда шелекпен тасыдық. Жаз тез өтеді ғой, қыста қиын болды. Жасымыз болса келіп қалды, әрі-бері ойланып, мен де отбасыммен енді көшемін деп отырғанда мынандай қуанышты оқиға орын алды. Қуанышымызда шек жоқ. Әрі Билайн байланысы да қолжетімді болды. Әзірше үйдің ішінен хабарласа алмаймыз, жолға шығады балалар. Осындай байланыстың болғанына да қуанып отырмыз. Үйге жөндеу жасадық. Енді үйге титан, ванна, су жүретін трубалар, басқа да керекті алып, жуынатын бөлме дайындап қойдық. Бала-шаға да, немерелер де мәз.

Отағасы қайтыс болған. Судың жоқтығынан малымды балама ұстауға берген едім. Енді сол малымды, қой-ешкілерімді қорама әкеліп, тағы бір қуанып отырмын. Шөп түсіріп, қысқыға қажетті бар дайындықтарды жасадық. Осы шаруаны жүзеге асырған адамдарға аналық жүрегімнен шыққан алғысымды білдіремін, - дейді.

Енді Қарағанды қаласынан келген «Техспецстрой» ЖШС – басшысы А.Ыдырысовтың мамандармен жасаған жұмыстарына тоқтала кетейік. Ауа-райының қолайсыздығынан қорғайтын контейнердің қоса орнатылуымен тереңнен су жинайтын скважина қазылған. Оған электр жүйесі қосылған. Көлемі 15 кубометр су қысымды мұнарасы, 1,1 шақырым суаққы, 4 шақырым ауылішілік жүйесі  төселіп, алты су алатын құдық орнатылыпты.

Атқарылған жұмыс көлемі ауқымды. Қоңыр күздің жайдары ауа-райында ауылда осындай жұмыстардың атқарылуы адамдарды қуантты, шаттыққа бөледі. Әжелер мен аналар ақ баталарын беріп, елжіреп, көздеріне жас алды. Балалар да үлкендердің қуанғандарына мәз болып, асыр салып ойынға басты. Басқа жаққа қоныс аударған тұрғындар да ауыл адамдарының қуаныштарына ортақтасып, телефон шалып құтты болсын айтуда.

Ауыл әкімі Әсет Мағауянов бізге ауылдың 60-қа жуық үйіне су тартылғанын айтады. Үй саны одан көрі көбірек болар, иелері бос тастап, құлыптап кеткен үйлер де бар екенін жолшыбай өтіп бара жатып байқадық. Болашақта осы үйлерге отбасылар қоныстанса, ауыл адамдарының саны - шаруашылықпен жұмыс істейтін жандар да, мектеп оқушылары да көбейер еді деп ойлаймыз.

Ауылға су келді. Осынау қуаныштарына орай ауыл тұрғындарына құтты болсын айтып, қуаныштарына ортақ екенімізді жеткіземіз.

Қ.Ахметова

Д.Торжановтың суреттері



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?