Ауданыма Бұқар баба есімін бергенде


05.08.2017

1997 жылы бұрынғы екі орыс атауы бар аудандар біріктіріліп, Бұқар жырау ауданы құрылуы туралы жарлық шыққанда, атақты жыршы Алмас Алматовтың айтуынша республиканың барлық жыршы-термешілері бас киімдерін аспанға атып қуанған екен, өйткені Қазақстанда бірінші рет жалғыз аудан жыршы атын иеленген.
Баба атын алғанымызға, аудан орталығына біздің ауданымыз ие болғанына біздің де қуанышымыз шексіз болды. Қуанышымызға су сепкендей, жүрекке ауыр тиген жағдайлар да болды.
Біздің бұрынғы басшылардың орнына ана ауданнан басшыларды әкеліп жатқаны ренішті болды әрине. Ауданымыздан қайта тағайындалған бөлім басшылары тек марқұм Жұмақаев Казкен Нұрғалиұлы ағамыз екеуміз ғана болдық.
Аудан әкімі Амантай Рахимовтың тапсырмасы бойынша ең алдымен Токаревка кентіне барып, бұрынғы аудандық кітапханалар мен мәдениет үйі жұмысымен және ұжымдарымен таныстым. Ең бірінші кездесуім есімнен ешқашан кетпес. Бұған дейін аудандық деген аты бар кітапханалар мен мәдениет үйі енді кенттік деп аталу керек болатын, бәрі алаңдаулы, алда не  күтіп тұр, кім қалады, кім кетеді деп. Мені қатты таң қалдырғаны - ұжымның сабырлылығы, ақылды ойлары, жағдайға үлкен түсінікпен қарағандары. Негізі Тельман ауданының мәдениет қызметкерлері өз жұмысына адал, адамгершіліктері мол, бір көргеннен сыйлап, бауыр басып кеткен өз ісінің мамандары, жұмысқа жанып тұрған, бүгінде маған қымбат жандар, олар - Людмила Туровская, Гаухар Сүлейменова, Инна Дик, кейіннен оларға Мария Масалова, Нина Романченко, Татьяна Чернышкова т.б. қосылды. Ал Наталья Боцман, Айжан Шакенова, Жанна Хасенова туралы айтар болсам, олар өте мықты мамандар, өз ісінің нағыз патриоттары. Кейіннен де Бұқар жырау ауданы мәдениетінің көсегесін көгертіп, облыстық  үлкен сайыстарда, байқауларда Қанат Оспанов, Құралай Аюпова, Сандуғаш Құсбекова, Жанна Борашева, Майгүл Асқарова, Қазбек Талашев, Дариға Блялова, Сара Токашева, Бауыржан Ермухамбетов тағы да басқа біздің мықты өнерпаздарымызбен бірігіп, биік деңгейде өнер көрсетіп, жоғары орындарға ие болуға барлық күштерін салып еңбек етті.
Жалпы Тельман ауданының мәдениетіне қарағанда, біздің Ульянов ауданының жағдайы әжептәуір жақсы еді. Аудандар біріккенде ол жақта үкіметтік, бір-ақ клуб мекемесі болды, ол Токаревка Мәдениет үйі, ал бізде ол кезде 28 клуб, 26 кітапхана бар еді,  автоклубтар жұмыс істеп, үгіт тобымен ауылдарға үзбей шығып тұратын және көптеген мәдени шаралар дәстүрге айналған болатын - алтыбақан, көшелер мерекесі, аудандық байқаулар. Оны аудан әкімі де, бәрі мойындады. Екі аудан біріккен соң, біздің жасаған ең алғаш концерттік бағдарлама Конституция күніне арналды. Сол күні біз бәрін таң қалдырдық! Финал да өте күшті шықты, аудан әкімі бас болып, бүкіл зал орнынан тұрып, қол соқты. Мен сол концертте Құралай мен Сәния өнер көрсеткен кезде жүгіріп барып, аудандық қаржы бөлімі басшысы Надежда Антоновна Есиповаға осындай өнерлі адамдарды қалай жұмыстан қысқартуға болады? – деп дәлелдеп, алып қалған едім.
Ертеңінде аудан әкімі Амантай Рақымұлы мені шақырды. Мен кіргенде ол кісі орнынан тұрып, қол беріп: “Кеше концерт өте жақсы болды, сізге рахмет және менің атымнан  үлкен-кіші қатысушыларға рахмет айтыңыз”, -деді. Бұл сөз әрине, бізді қанаттандырды, ұжымға айтқанда бәрі қуанып қалды. Аудан әкімі бізге көп қолдау жасады, Наурыз мерекесінен кейін өмірімізде бірінші рет біз, мәдениет  қызметкерлері ақшадай  сыйақы алғандағы қуанышымызды жеткізу мүмкін емес! Кейінде шаралар өте жақсы өткенде, сондай құрметке ие болып жүрдік.
Екі аудан қосылғандағы біз үшін ең қиын болғаны, ол - шектелімге орай клуб, кітапханалардың жабылуы еді. Сөйтіп, жоғарыда аталған мәдениет мекемелері қысқартылғаннан қалған 1997 жылдың 1-тамызында Ульянов ауданының 13 кітапхана, 14 клубына Тельман жақтан 14 кітапхана мен бір мәдениет үйі қосылып, 27 кітапхана, 15 клуб мекемесі болып жүйеленді. Автоклубты, онда істейтін адамдарды алып қалу да оңайға түскен жоқ, айта кетейін, ол кезде “Сарыарқа“ деп аталған аудандық газет мәдениетке қатысты көптеген мақалалар, суреттер беріп тұрды, біз өте тығыз қатынаста болдық. Мақалаларды жинап алып барып, қаржы бөліміне дәлелдеп жүрдік. 1996 жылғы 19 қазанда “Лейся, песня, на просторе!” деп аталған В.Крохмальдың мақаласы автоклубпен үгіт тобының ауылдарға шығуына жанар май беруде үлкен көмек болды.
Мәдениет бөлімі отырған ғимаратты босатып, бізден Мәдениет үйіне кіруді сұраған, оны  бірнеше рет барып, түсіндіріп, әзер сақтап қалдым, ал аудандық балалар кітапханасы орналасқан, қазіргі “Нұр Отан“ ғимаратын босату немесе кітапхананы жабу-деген сұраққа, біз бір түнде аудандық мәдениет үйіннен екі қойма болған бөлмелерді босатып, сылап, жуып-шайып, ертеңінде кітапхананы сонда көшіріп, аман алып қалдық. Сол ғимаратты кейіннен аудан әкімі А.Рахимов маған үй қылып алыңыз, - деген еді, мен бас тарттым. Қазір соны біреулер өз пайдасына шешкенін білгенде, әрине, өкініш бар, ол кезде өзіңді ойлау деген жоқ еді ғой.  
Тельман жақтың біраз клубтарын кейіннен кітапханамен біріктіріп, клуб-кітапхана деген әдіспен қайтардық, мысалы, қазақтың ұлы классигі Ғабиден Мұстафиннің 90 жылдығында салынған Мәдениет үйі Қызылқайың ауылында сол кездегі әкімі Амангелді Бекжановтың арқасында сақталып қалған болатын, соны жұмыс істеп тұрған кітапханаға қостық. Сондай-ақ Тұзды, Баймырза, Ростовка ауылдарында, бүгінгі күні Тұздыдан басқаларына “Жол картасы“ бойынша күрделі жөндеу жасалып, өз алдына жеке клуб болып халыққа қызмет етіп жатқаны қуантады.
Тельман ауданының тарихына арналған өлкетанушы Колыш Василий Ивановичтың  жинаған көптеген заттарын жоғалып кетпесін деп марқұм Шапи Таушенұлы Байтұрсынов біздің аудандық музейге алуды өтінді. Жиналған заттарды көріп, ауданға алмауды шештік, мектептен орын сұрап алып, сонда жақсылап орналастырдық және 0,5 штаттық бірлік тауып, кейіннен мәдениет үйіне көшірдік. Сол шешіміміз дұрыс болып, бүгін 1800-ге жуық экспонаты бар музей болды, келген қонақтарды Мұстафин кентінің, бұрынғы Тельман ауданының тарихымен және осы өңірден шыққан белгілі азаматтар жәйлі таныстырып отырғаны әрине, қуантады. Біздің аудандық музей, оның директоры Орал Нәбиева қолдарынан келгеннің бәрін жасап, бүгінгі күнге сай безендіріп, жұмысын жақсы жолға қойған.
Бұқар жырау ауданы құрылғанда аудандық кітапхана жүйесін марқұм Жекенова Бағзи, аудандық мәдениет үйін Жұманова Раушан басқарып жүрген, екеуі де жақсы ұйымдастырушы, білікті маман ретінде сол жылдары үлкен жұмыс атқарды. Аудандық  кітапхана әдістемелік бөлімдерінің қызметкерлері Такирова Айман, Ермекова Бақыт, т.б.  клуб және кітапханалар ұжымдарына арналған көптеген семинар, практикумдар өткізіп, мәдениет саласындағы өзгерістермен уақытында таныстырып отырды. Автоклубтар  ауданның 30 округтен құралған 68 елді мекендердің мәдени ошағы жоқ ауыл тұрғындарына қызмет жасады, бұл жұмысты тиянақты ұйымдастырған Аюпова Құралай болатын. Музыка мектебінің отын маздатқан Қайрат Айкенов ағамыз бен мәдениет қызметкері Жұмағали Елжановтың да еңбектеріне мың алғыс.
1997 жылы бастау алған Бұқар баба атындағы ауданымыз бүгін облыстағы ең үлкен,беделді  ауданның бірі. Біздің мәдениет саласында жаңадан клубтар, кітапханалар ашылып, олардың ғимараттары “Жол картасы“ бойынша жөнделіп, бүгінгі күнге сай халыққа жақсы қызмет атқаруда. Бұқар жырау кесенесіне аудан басшылары жақсы қолдау көрсетуде, оны бабаға тағзым етіп келушілер де көріп, жылы сөздерін айтуда. Соңғы  жылдары аудан туралы кітаптар жазылып, жарық көрді. Бабамызға ескерткіш қойылды, оны елімізге аты мәлім ақындар жырлап айтты. Кезінде Қалиасқар Шыныбектегі өзі істейтін мектепте балалар арасында баба атындағы оқулар деп бастаған сайыс бүгінгі күні аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және  ауданымыздың жанашыр, патриот ұлы Айтбай Жұмағұловтың қолдауы мен ұйымдастыруымен “Бұқарекең  жырлайды” атты үш номинация бойынша жылда аудандық, облыстық сайыс болып өтуде, ендігі арман-мақсатымыз - бұл сайысты республикалық деңгейде жасау.
Армандар орындалып, баба аруағы риза болып, ауданымыздың аты биікке самғай берсін!
Мүгүлсім  Шибаева,
Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы
Д.Торжановтың суреттеріңде: “Тәуелсіздік” монументі; сарқырама; “Жас жырау “ мүсіні; орталықтағы алаң; орталық стадион.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?