Жарқырап жайнай берші, жас қала!


15.07.2017

 

Бойына қазақи тәрбиені сіңірген, ұлтының салты мен дәстүрін меңгерген, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен адам ешқашан жаман болмайды. Елбасымыз айтқан ұлттық код деген тәрбиелі, еңбекқор, білім мен ілімге жаны құмар адам. Ол жүрген жерде тәртіп, даму, гүлдену бар. Бүгінгі таңда партада отырған әрбір бүлдіршін, кәсіпорында жұмыс жасап отырған жұмыскер, қандай да мамандық иесі - Отанымызды алға бастырушы күш.

Астананың туған күні біздің аудан орталығында да тойланып келеді.

Осы күні Ботақара кентінің Мәдениет үйі алаңынан аспанға ән шалқыды. Көңіл-күйлері көтеріңкі тұрғындар - кәрі де, жас та, орта жастағы да осы алаңнан табылды. Біздің аудан өнерпаздарымен бірге облыстық Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік өнерпаздары да өз өнерлерін көрсетеді деп алаңға асыққан аналар, бойжеткен қыздар алдыңғы қатардан орын алуға асықты.

Мың бұралған бишілердің әсем биімен ашылған салтанатты шара өз кезегімен жалғаса берді. Қазақ халқының “Тойға шашуы” ешқашан заман ағымынан қалған емес, ол молшылықтың, берекенің, бірліктің белгісі. Тәттілерді көрермен қауым қуана жинасып жатты.

Сарыарқаның баурайында бой көтерген жастар қаласы Астана әсем ғимараттарымен, жол бойындағы қызылды-жасылды шамдарымен, түрлі гүлдерімен алыстан көз тартады. Бұндағы әр тұрғын өз қаласын таза да әсем қылып ұстауға жанын салады. “Бәйтерек”, “Хан шатыр” т.б. сынды ғимараттарға баршаның қызығушылығы ерекше. Кішкентай сәбилердің пәк жүректерінен орын алған Астана қашанда ғажайып, сұлу, қайталанбас қала болып қала бермек.

Халықаралық мінберлерде дауысы нық шығатын, қашанда өз ұлтының, өз елін мекендеген ұлыстардың жағдайын жасайтын, ел қадамын анықтайтын Елбасымыз Астанамызды, қазақ елінің атағын аспанға шалқытты. Біздің жастар өзге елдерде оқуға мүмкіншілік алды, ал шет ел жастары біздің елімізде білімдерін шыңдауда. Шет ел асып, білім алып келген жастар өз жұмыс орындарында еліміздің дамуы жолында еңбектерін сіңіруде.

Осы күні салтанатты жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы А.Әли, мекеме, бөлім басшылары келіп, алдыңғы қатардан орын алды.

Сахна төрінен орын алған ауданымыздың әкімі Шагурашид Мамалинов өз құттықтау сөзінде:

- Құрметті жерлестер, барлығыңызды Астананың туған күнімен құттықтаймын. Еліміздің әрбір азаматы үшін Астананың ролі өте үлкен, ол халықтар арасындағы береке-бірліктің ұйытқысы, татулықтың шынайы көрінісі, тұрақтылықтың бесігі, отанымыздың жүрегі. Нақ осы қалада еліміз үшін маңызды барлық мәселелер талқыланады. Көкжиекте күннің алтын шапағы сәуле шашқан еліміздің осы мерекесі баршаңыз үшін құтты болсын. Әрбір отбасына шаттық, денсаулық, қуаныш пен береке, әр күніне мереке тілеймін, - деп жүрекжарды лебізін ақтарды.

Қазір Астанада үлкен мереке. Астана шет елдер - алыс пен жақыннан қонақтар күтуде,оларға көрсетер жаңашылдықтар да көп. Еліміз дамыған 30 мемлекеттің қатарынан орын алу үшін еңбектенуде. Әр шаңырақтың шаттықта болуы үшін еліміз аман, аспаны бұлтсыз, ашық болуы керек. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған заманда өмір сүріп отырған біздің ұрпақ - бақытты ұрпақ. Тек өз тараптарынан білім алуға, еңбек етуге ұмтылулары қажет.

Қандай мереке ән мен күйсіз өткен?! Қарағанды қаласындағы Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік өнерпаздары аудан жұртшылығына ән мен жыр шашуын шашуға дайындалып-ақ келіпті. “Арман қала” әнмен Марат Омаров, “Астана” әнімен Зәуре Төлеубаева мен Қазбек Талашев, “Мерей” ансамблінің әншілері Гүлмира Жүкіпбаева мен Медеу Шылманов “Астана - менің махаббатым” әндерін орындап, жиналған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді. Аудан тұрғындарының жүректерінен орын алған Әлибек Саликов та сахна төрінен тамаша әндерін шалқытты. Біршама уақытқа созылған концерттік бағдарламаны тамалаушылар отшашуды асыға күтті. Әрбір номерден кейін қолдарын шапалақтап, әншілерді қошеметтеген көрермендер кештің батқанын да байқамай қалды.

Ақ жүректі балғындардың қиқуымен, үлкендердің шаттық үндерімен астасқан отшашу барлық төңіректі ақ сәулесімен аймалап, көк аспанға сіңіп жатты.

Жасасын, Отанымыздың жүрегі - Астана! Тойымыз тойға ұлассын!

Қ.Ахметова

Д.Торжановтың суреттерінде:салтанатты шара көріністері.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?