Ұстаз білімін кеңейткен форум


11.06.2022

Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы тірек мектебінде мұғалімдердің аудандық форумы өтті. Шараға 150-ге жуық ұстаз қатысты. Ауданымыздың түкпір-түкпірінен жиналған ұстаздар қауымы оқытудың ең тиімді әдістерімен бөлісіп, тәжірибе алмасты.

Қазақ тілі мен әдебиеті, география, тарих, бастауыш сынып ұстаздарына арналып ұйымдастырылған форумның ашылу салтанаты мектеп дәлізіне қойылған көрмеден басталды. Бұқар жырау аудандық білім бөлімінің басшысы А.Айкенова да осы жерден табылды. Келген қонақтар оқушылардың қолдарынан шыққан бұйымдармен танысып, өз бағаларын берді. Шараның басты бөлігі төрт секцияға бөлінді. Ұстаздар спикерлердің дайындаған  жұмыстарымен танысып, тәжірибе алмасты. Топ-топқа бөлінген ұстаздар спикерлермен бірлесе тапсырмалар орындап, өз ойларымен бөлісті. Білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында бір мақсатты көздеп жүрген ұстаздар қауымы форум барысында өз білімдерін ортаға салып, пікірлерін ашық білдіре алды.

Егеменді еліміздің болашағын тәрбиелеп отырған ұстаздар үшін аталған форум үлкен тәжірибе жинақтауға мүмкіндік ашты. Жаңа Қазақстанның жаңа келбетін жасаушы жастарды тәрбиелеу, оқыту үшін ұстаз үнемі ізденіп, білімі мен біліктілігін артырып отыру қажет. Заман талабына сай жаңа технологияларды игеру, білім жүйесінде болып жатқан өзгерістерге байланысты енгізілген тың жаңалықтарды меңгеру бүгінгі күні әр мұғалімнің мақсатына айналып отыр.

Форум спикері, С.Торайғыров атындағы тірек мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы Айман Кужакова:

- Өз басым әр ұстаздың өз пәніне теориялық, тәжірибелік тұрғыдан жіті көңіл бөлуіне, жаңа идеяларды қолға алуына үлкен дәнекер бола алатын шара өтті деп білемін. Форум білім көкжиегімізді кеңейтіп қана қоймай, үлкен әдістемелік көмек бере алды, - деп өз ойымен бөлісті.

Шара соңында аудандық білім бөлімінің кәсіподақ ұйымының басшысы Эльвира Хамитова мен бас маман Айсұлу Дүкенбаева ұстаздардың көкейінде жүрген бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Әлемді дүрбелеңге салған індет салдарынан біраз уақытқа көп жиын, кездесулеріміз қашықтықта өтіп келді. Онлайн жүйедегі жиындар уақытқа тиімді болғанымен бетпе-бет, жүзбе-жүз өтетін шараларымызға жетпейді, әрине. Сол себепті де форум қатысушылары шара барысында алған тәжірибелерімен білім бағдарламасын әрі қарай жетілдіре түсетіндіктерін айтып, ұсыныс, тілектерін білдірді.

Оқытудағы жаңа көзқарас пен түйіткілді мәселелерді айқындауға бағытталған форум өз мақсатын толығымен орындай алды. Ізгілікті ізденіс пен ерен еңбекті ұштастырып жүрген ұстаздар үшін ұйымдастырылған форум нәтижелі жұмыстың көрінісі боларына сенімдіміз.

Б.Жакешова

 

Суреттерде: форум барысы; марапаттау сәті; естелікке сурет.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?