Ұлағатты ұстаз ұстанымы


17.10.2020

Міне, жадыраған жаз да өтіп, берекелі әрі мерекелі алтын күз де жетті. Табиғаттың осы бір жыл мезгілін әркім мектептегі сыңғырлаған жез қоңырау үнімен, мұғалімдер мен оқушылардың қарбалас, сағыныса табысқан қуанышты сәттерімен елететеді. Жаңа оқу жылымен қарбаласа келген Мұғалімдер күні де осы алтын күздің үлесіне тиіпті. Әрине, мемлекетіміздің жарқын да зор болашағын біліктілігі жоғары, беделі мықты, өз қоғамында құрметке бөленген мұғалімдерсіз елестету қиын. Себебі, тұтас қоғамның дамуының өзі де ұстаз еңбегінің нәтижесіне тікелей байланысты.

Ұстаз болу – жүректің таңдауы, жанның қалауы. Ұстаз болу асқан жанкештілік, зор шыдамдылық пен балаларға деген махаббатты талап етеді. Коронавирус пандемиясы уақыттың сын-қатеріне ілесіп қана қоймай, осындай кезеңде көшбасшылық қасиетке ие болудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Осынау күрделі кезең мұғалімдердің қоғамдағы рөлі мен маңызын тағы бір айқындап берді.

Оқушысының жеңістеріне қуанып, сәтсіздіктеріне бірге қынжылып, қиналған шақтарында қолдау көрсетіп, еліміздің бетке ұстар азаматтарын тәрбиелеп, жауапкершілігі мол және абыройлы міндетті атқарып жүрген ұстаздар қауымына әрбір жанның алғысы шексіз-ау. Баршаңызға осы қиын міндетті абыроймен атқарып жатқандарыңыз үшін және қолдау білдіріп отырғандарыңыз үшін алғыс айтамыз.

Мұғалімдер күні қарсаңында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі А.Аймағанбетов те барша ұстаздар қауымына  алғыс айтып,  өздерінің кәсіби мерекесімен құттықтады. Республика бойынша жарияланған  «Үздік педагог-2020» республикалық байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Қарағанды облысынан республикалық кезеңде үздік атанған медаль және 1000 айлық көрсеткіш сертификат иегерлерін облыс әкімінің орынбасары А.Нүкенов құттықтап, марапаттарды табыстады. Облыстық кезеңге аймақтардан 104 сұраныс түскен екен, оның 86-сы мектепке дейінгі және орта білім беру, 8-і қосымша білім беру, 10-ы техникалық және кәсіптік білім беру педагогтері.

Республикалық конкурстың облыстық кезеңінің жеңімпазы болып біздің Көкпекті орта мектебінің ұстазы, бірнеше жылдан бері тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етіп келе жатқан химия пәнінің мұғалімі  Жұмағұл Меруерт Асериятқызы атанды. Әріптесіміз  «Қарағанды облысының Үздік педагогы»  кубогымен, «Үздік педагог» дипломымен және 300 еселенген айлық көрсеткіш көлеміндегі марапатқа ие болды. Сонымен қатар мектебімізден осы байқауға қатысып, белсенділік танытқан қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Жалелова Мая Армиевна және ағылшын тілі пәні мұғалімі Алимжанова Асем Мейрамбекқызы да өлшеусіз еңбегі мен өшпес ізін көрсете білгені үшін алғыс хаттарға ие болды.

Әріптесіміз Меруерт Асериятқызы өз ісіне берілген, бар жаңалықты жатсынбай қабылдай білетін, шәкіртінің жанына нұр құйып, сабырлы мінезімен, салиқалы да салмақты ақылымен білім беріп жүрген ұстаздар қатарынан. «Ұстаз талантты болса, шәкірті талапты болады» демекші, алдынан ұшқан талай шәкірттер қазірде ЖОО-ның грант иегерлері, өзі секілді шәкірттері шыңға шығып, ұстаздық ұлы жолға түсіп, еңбек етіп жүр.

Ендеше, әріптесімізге білім жолында алар асуларыңыз, бағындырар биіктеріңіз көп болсын дей отырып, шығармашылық толағай табыстар тілейміз.

Білімді ел - ұлы ел, тірі ел. Ұлы ел болайық, тірі ел болайық. Білім бәйгесінде, дүбірлі жарыстарда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шәкірт шығарып, ұлағатты ұстаз ұстанымын қолымызда нық ұстап, алға қадам баса берейік!

Г.Жаймина, 

Көкпекті орта мектебінің

 директоры



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?