Батырлар ерлігі – ұрпаққа өнеге


10.04.2021

Биыл қазақ әскерінің Тәжік-Ауған шекарасынан шығарылғанына 20 жыл толды. Құмға сіңген жүйрік уақыт өз дегенін жасағанымен, ел жүрегінде қайсар жауынгерлеріміздің мемлекет қауіпсіздігі жолында көрсете білген ерен ерлігі еш ұмытылған жоқ.

Қарулы топтардың Тәжікстан шекарасын қару-жарақ пен есірткі дәлізіне айналдыруы, көршілес мемлекеттердің тәуелсіздігі мен қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі салдарынан орын алған соғыста елдің бейбітшілігі мен тыныштығы үшін күрескен батырларымыз отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып шықты. 1992-2001 жылдар аралығында ТМД елдерінің «Ұжымдық қауіпсіздік туралы» халықаралық келісімшарты бойынша Тәжік-Ауған шекарасында қазақ елінен бітімгерлік атқыштар батальоны өз борышын атқарып шықты. Соғыс даласына қазақ жерінен 9635 жауынгер мен офицер жұмылдырылған болатын. Сол мұздай қаруланған шайқас даласында 46 отандасымыз қаза болып, 100-ден астамы жарақат алды. Ең жойқын қақтығыс 1995 жылы Пшихавр шатқалында орын алды. Сол жерде болған шайқаста 17 қазақ жігіті қаза тапауып, 33-і жарақат алды.

Ұшқан құстың қанаты, жүгірген аңның тұяғы талар кең байтақ даламыздың қойнауында сақталып жатқан қазақ елінің тарих көші ұзақ. Өткеніміз бен келешегімізді жалғайтын тарих қойнауындағы бүгінгі ұрпақ өнеге алады дейтін ғибратты оқиғалар ел тағдырын өз өмірінен биік қойған тұлғалар көп. Ұлттың тұтастығын, жердің бүтіндігін көздеген ұлы тұлғалар жолын келер ұрпаққа біздер қаншалықты дәріптеп жүрміз?!

Туған жерін жауға бастырмай, қасық қаны қалғанша майдан даласында жан берісіп, жан алысқан ерлердің ерлігі аналарымыздың бесік жырымен, ата-әжелеріміздің аңыз-ертегілерімен әке-шешіміздің санасына сіңді. Ал қазіргі бесік жырын әндетер ана, аңыз-дастан айтатын ата-әже қалмаған заманда ежелден келе жатқан жас баланы ерлікке баулу дәстүрі қалай жасалмақ?! Ұлт, келешек ұрпақ болашағы үшін үлкен маңызы бар мәселеге айналған бұл тақырыпты Тәжік-Ауған соғысының ардагерлері қолға алған болатын.

2019 жылы 13-24 тамыз айының аралығында ардагерлеріміз бабалар жолын ұлықтау мақсатында 11 қаланы қамтып өткен автошеруге шықты. Республикалық Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына қатысушылар одағының төрағасы Мұрат Мұхамеджанов ағамыз бастаған автошеруге 21 Тәжік-Ауған соғысының ардагерлері, Қарағанды қаласының төрағасы Нұрболат Аяғанов, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжанов атсалысты. Автошеру қазақ халқының тарихында парасатты әмірші, әскери өмірді жетік меңгерген қолбасшы, жаужүрек батыр, данагөй тұлға ретінде сақталған Кенесары ханның туған жері – Көкшетау қаласынан бастау алады. Көкшетау, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Жезқазған, Сәтбаев, Ұлытау, Қызылорда, Шымкент, Өзбекстан, Тәжікстан мемлекетінің астанасы Душанбе, Талдықорған қалаларын қамтып өткен автошеруде Тәжік-Ауған шекарасында ерлікпен қаза болған 17 жауынгердің есімдері ұлықталды.

Көкшетау қаласынан бастау алған автошеруде ардагерлер одағына бұрынғы қала әкімінің орынбасары Алтынай Байқадамқызы Амренова Қазақстан Мемлекетінің Туын табыстады Еліміздің көк байрағын ардагерлер 11 қаланы қамтып өткен автошеруде асқақ, азат еліміздің рухты таңбасы ретінде желбіретті.

Айбынды ерлік, қайтпас қайсарлық, беріспес батырлық үлгісін көрсеткен 17 азаматтың есімі ұлықталған ескерткіш тас Тәжік-Ауған шекарасында Пшихавр шатқалындағы әскери бөлім орналасқан Дарбаз жеріне қойылады.

- Қазақ тарихында жастар үлгі, өнеге алатын тұлға көп. Біз өзіміздің батырларымыздың ерлігін жас ұрпақ тәрбиесінде қолдана білуіміз керек. Батырларымыздың атына көше беріп, олардың ғибаратты сөздерін баннерлерге ілу ол басқа дүние. Тіпті оқушылар кітап бетінен ұлы тұлғалардың өмір жолын зуылдатып оқып шыққаннан, ғаламтор желісінен көшіріп алған рефераттардан көңіліне тоқып, түйіп алар өнеге алмайды. Сол себепті де тек кітап желісінен оқылатын емес, іспен өнеге көрсетер дүниелер жасалуы керек. Біздің автошеруді қолға алу мақсатымыз - есімдері көп атала бермейтін батыр бабаларымыздың ерлігін жас ұрпаққа насихаттау. Сөз соңында, бұл бастамаға қолдау көрсеткен Қарағанды қаласы, Бұқар жырау ауданының әкімдігіне қарағандылық ардагерлер атынан алғыс білдіремін, - дейді Тәжік-Ауған соғысының ардагері Нұрболат Аяғанов.

Автошеруге Алматы, Көкшетау, Қарағанды облыстарынан қатысқан 21 ардагер осы сапарда «Тәжікстан Республикасының шекара әскерлерінің құрылғанына 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталды.

Тәжік-Ауған соғысының ардагерлері бірауыздан Көкшетау қаласының, Алматы облысының әкімдіктеріне, «BI GROUP» компаниясының басқармасына, Қарағанды қаласының жеке кәсіпкері Ардақ Қайратұлы Жүнісовқа өз алғыстарын жеткізді.

Тарих - ол тұлғалардың өмір жолымен жазылатын сөздің ең ұлысы. Біздің мемлекет сол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өз егемендігін төрткүл әлемге паш ете білді. Ал сол сан ғасырлар бойы егемендік үшін жалғасқан ұлы күресте кешегі батырлар ізін бүгінгі ұрпақ санасына сіңіру сіз бен біздің міндет. «Мемлекет» деп аталатын үлкен отбасымыздың әлеуетінің асуы, дәулетінің тасуы да өз қолымызда екендігін ұмытпайық.

 

Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?