Абай һәкім және қазақтың айтулы би-шешендері



10.10.2020

Абай Құнанбайұлы Семей облысындағы Шыңғыс тауының баурайында дүниеге келген.

Абай туралы Мүхтар былай жазған: «Абай деген – терең теңіз, алып мұхит. Абайды таныған сайын, оның түбіне маржандарын алу үшін сүңги беруің керек, сүңги беруің керек. Ал мен оның бетін ғана қалқыдым». Терең теңізге, алып мұхитқа сүңги аламыз ба су тереңіндегі маржандарын алуға?  Терең тыныс алып, сүңги алсақ қой шіркін! Өлең сөздің құдіретін байқай аламыз ба? Ақыл, қайрат, білімді тең ұстауға біздің шама-шарқымыз жете ме? Осынау оғылан қасиетті ойымызда ұстап, боймызға дарытсақ, толық адам болмасақ та, кесірлі кісі болмаймыз. Жақсыдан шарапат, нұрлыдан шапағат дегеніміз осы болмақ.

Абайдың шежіресі – қазақтың тарихы. Әрбір қазақ Абайға ұқсауға тырысуы керек-ақ. Ол – тәлім-тәрбие, білім-ғылым, тұлғалық тұғырдағы кең тынысты кісі. Абайдың сөзіне, поэзиясына, ой-толғанысына философиялық мән-мағына беруіміз керек. Шынайы ақын бір Жаратқанның жазуымен, ананың жатырында – ақын жүректі, халық тілекті, білім-ғылымды негізде қалыптаса бастайды. Ақын поэзиялық пен парасаттылықты, жұмсақтық пен жасампаздықты, нәзіктік пен нақтылықты тең ұстайтын ұстаз ұғымды ұлы ұлағаттың нұры. Ақын – адам сезімі мен саясатты, көңілі мен кәсіпті, жан дүниесі мен тән дүниесін өте биік деңгейде ұстай алатын, асқан адамгершіліктің данышпаны. Ол – оң қолы мен сол қолын, оң аяғы мен сол аяғын, қара сөз бен өлең сөзді бірдей қозғайтын, құп қошеметті қоғамның қайраткері.

Абайдың шығармаларын түсініп оқу, Абайға зерттеуші ретінде бару, Абайды жан-жақты білу бақыты кез келген кісінің ырқына көне бермейтін, құпиясы қырық қабат, тылсымға толы тұңғиық. Абайдың зерде заңғарын түсіну, поэзиясын жүрекпен сезіну, қара сөздерін жан-жақты ұғыну мұхит тұңғиығынан маржандарды тірнектеп, тұм-тұмдап тергендейін,  ізгілікті ізденіс. Бұл дәрежеге жету үшін сүбелі сөзді, перизатты поэзияны, әуезді әнді, күмбірлеген күйді Абайша беріле сүю мәселесі мен-мұндалайды. Іргелі ізденгіштік, із кесерлік дегейім қандай екенін білмеймін ғой, бірақ та білім-біліктілік, ғылым-ілімділік деңгейім болса-дағы, өзімше Абайдай ғұламаның һәкімдігіне үңіле зерделеуден, еш бір уақытта да еш бір жерде де жалықпаймын. Сондықтан да бүкіл жаһан жұртына, барша адамзатқа, Абай һәкім жөнінде түйсінгенімді, түсінгенімді, құс перизаты сандуғашқа ұқсап сайрағанды игілікті борышыма балаймын.

2020 жылдың тамыз айының оныншы жұлдызында «Егемен Қазақстан» газетіне Қазақстан Республикасының Президенті, Қасым-Жомарт Тоқаевтің «Абай – рухани реформатор» атты мақаласы жарық көрді. Мақаланы оқып шығып, басшымыздың ой-толғанысын толықтай құптайтынымды байқадым. Шын мәнісінде, қазақ рухын реформалап, жаңа жолға тұңғыш түсіруші адам - Абай.

Адам болған соң естіні де ессізді де өмір жолымызда кезіктіреміз. Есті кісі болуға Абайдың ғибратқа толы шығармаларын жаңғырта жүріп оқыған, оны зердесіне мықтап тоқыған адам, ой-шұңқыры көп, қалың тұманды жолда да адаспайды – мәре сызығын дөп уақытында басады. Қазақ халқы аталы, баталы жұрт. Ұлағатты адамнан, ақ сақалды атадан бата сұрау, бата алу қазақ баласының қанында бар.

Міне, қазір «Қазақтың би-шешендері» (Н.Төреқұлов, М.Қазбеков) атты кітапты оқу үстіндемін. «Бірде Жанқұтты шешен Құнанбайдың үйінде отырғанда оған Абай келіп сәлем береді. Ол кезде Абайдың жас, үлбіреген шағы екен. ... Ет желініп, қымыз ішілгеннен кейін Абай:

- Ата, сізден сұрақ сұрауға бола ма? – дейді.

- Е, шырағым, сұрай ғой, - депті Жанқұтты.

- Ата, арзан не, қымбат не, даусыз не? – депті. Жанқұтты:

- Шырағым, арзан – өтірік, қымбат – шындық, даусыз – кәрілік емес пе? Жанарың отты екен – ақындығың шығар, маңдайың жазық екен – ойлылығың шығар, халқыңның қалаулы азаматы бол! – деп батасын беріпті.» Жанқұтты шешеннің батасы періштенің оң құлағына шалынғаны емес пе!?

Бала кезімнен бері күнде үш жанрдағы кітаптарды үзбей, сүйсіне оқып келемін: біріншісі – тарихи-тағылымдық, екіншісі – проза-ғұмырнамалық, үшіншісі – лирика-поэзиялық. Мектеп оқушылары, жоғарғы оқу орнының студенттері маған «профессор», яки, «философ» деп айбар таққан болатұғын. Жалыны жұпарлы жазушы, ақылы асқан ақын, Абай танушы ғұлама ғалым болмасам да, Құдайға шүкір, «Адамзаттың асқақ Абайы» тақырыбында ғұмыр бойына шығармалар жазып келемін. Жасым жетпіс үшке жетіп қалды. Балаларымның, немерелерімнің әсерлі әңгімелерін тыңдап, таңданыстың әлеміне түсіп қалдым ғой. Олар да өзінің шығармаларын еркін тақырыпқа, «Абай – реформатор! Абай – дана! Абай – һәкім!» тақырыптарында қаламдарын тербеп келеді екен-ау! Өкінішке орай, ұрпақтарыма Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын, Абайдың поэзиясы мен қара сөздерін қайта-қатра түсіне-түйсіне оқып, ән-күйлерін домбырамен орындап жүріңдер, шығарманы «Абай» тақырыбына жазыңдар деп бірде-бір мәрте ескертпеппін. Анам Мәрия газет, журнал, кітаптарды үзбей, жүйелі, тыңғылықты, оңаша отырып оқитын. Сол кітаптардің ішінде Абай шығармалары айырықша орынды алып, бой-тұмарындай биікте, жұлдыздай жарқырайтын. Тәлім-тәрбиесі мен білім-ғылымы мол кітапқа құштарлық, құмарлық, құрмет атаның қызыл қанымен, ананың ақ сүтімен ұрпақтарына, құнарлы жерге түскен ақ бидай дәніндей дари ма деп ойлаймын. Бұған дәлел, Абай шығармашылығын бүкіл әулеттің өмір-өркені ұзынында, жауқазын жылдардың жолында, Құран кітабі тәрізді қастерлеп, күшті, қуатты, қасиетті қалпын қатты құрметтеуінде.

Алшынбайдың әкесі Тіленші. Оның тегі атақты Қаздауысты Қазыбекке келіп тіреледі. Ол Абайдың әкесі Құнанбаймен замандас. Екеуінің аты бір уақытта шыққан билер. Алшынбай Қарқаралы дуанының сөз тыңдар бас биі-тін. Құнанбай Тобықты еліне аға сұлтан сайланған болатын. Алшынбай мен Құнанбай өзара құда. Құнанбай құда түсіп, оның Түсіп деген баласының Ділда деген қызын Абайға алып берген. Сонда ол Абайға қайын ата болады.

Қарқаралыға мешіт салдырған жылы Алшынбай барып Құнанбай мен Бөжей арасындағы бітіспес дауды бітіріп, екі жақты келістірген. Алшынбай бидің қорымы бүгінгі күні Бұқар жырау ауданындағы Үміткер ауылының шығыс-теріскей тұсында, 6 – 7 шақырымдай ара-қашықтықта тұр. Академик-жазушы, М.Әуезов осы эпизодты суреттей келіп, Алшынбайдың бітімді сөзін былай келтіреді: «Бүгін мына мешіт бітіп, абройың асып отыр. Атағың көпке кетіп жатыр. Соны күндейтін де кісі көп. Алдымен анау көрініс, мына жаңағы майыр күндейді. Кішіреймейсің, кешірім етерсің, ақ көңілің мүлде ағарсын. Мұныңда – бір Құнанбайлығың болсын. «Игі жұмыс үстінде кірбеңнен арылам» дегенің болсын. Ана Бөжей ағайынды жау ғып жатқа жіберме! Бауыр ғып қасыңа тарт, татуласшы осы!».

Абай білім, ғылым, жалпы ілім әлеміне құштарлықты бүкіл адамзатқа үндеп, сондай-ақ, адал еңбекпен нан табу жолдарын бүкіл адамзатқа меңзеді.

Абай ақын қазақ даласындағы дау-дамай, заңды-заңсызды мәселелерді әділ шешуде бір адамдай қызмет қылған. Ал би, шешендер даулы, тарқатылуы қиын түйінді төрт-ақ ауыз сөзбен әр-бір жаққа тиімді ғып тарқатқан. Тарқатқанда да, тындырғанда да хатсыз, қарарсыз, ауызша жүзеге асырып, елді бітістіріп жүрген. Бұрынғы бір бидің өзі-ақ осы күнгі соттың да, прокурордың да, полицияның да, қаншама мекеме, ұйымдар басшыларының да қызметін абыроймен, асқан жауапкершілікпенен атқарып келген. Атқарғанда да ол билердің кесім-бітімі көпшіліктің көзінше, ашық аспанның астында, жалпыға жария болып отырған. Билер өзінің сөзін, билік-шешендік шешімін, «Ал, жұртым, елім, халықым бұған не дейсіздер, ризасыздар ма!?», - деп жалпақ жайлауға, көпшіліктің талқысына тоқталып мақұлдасқан-тын. Бұдан артық қандай жариялылық болмақ? Осы күні айтып жүрген жариялылық, демократиялылық, пайым-парасаттылық, адамгершілік пен гуманистік дегеніңіздің өзі осы емес пе!?

Абайды зерттеу – ғылым. Абайды тану – ғылым. Абайды тану науқанды дүние болмауы керек. Абай – рухани көсем! Абай – тірілерден тірі. Абай жақсылыққа іңкәрлікке құмар ақын. Абай поэзияны жаңа, әлдеқайда жоғары деңгейге сатылап көтерді. Абай толық адам, кемел адам идеясымен ғаламдық мәселелерді шешуде, адамзат санасын көтеруде алғы шептен көрінді.  Әулиелігімен, һәкімдігімен Абай Эверестің шыңынан адамзатқа жарқырап көрінді. Абайды мектептерде де, университеттерде жүйелі негізде оқытқан орайлы білім-ғылымға алғышарт, игі бастау. Ғылымға талпыну. Дүнижүзілік мәдениетке үлес қосу. Ғибратты сөз сарасын жүрекке жеткізу, жүрегіңді тазалау. Өмірге пайдаң тисін. Махаббат – тек Аллаға, ғаділет – тек адамға тән. Абай сөзіне философиялық мән беру қажет. Шын иманға сену 40 жастан әрі икемге жақсы келеді.

Адамға берілген ақыл-ес – Жаратқанның төл туындысы, ғаламды ұқсын деуі, алған білімді, игерген ғылымды биік мақсат үшін ұстансын деуі. Нағыз ғұлама үшін көк аспан мен қара жерді айыратын күш-қуат жоқ. Айуандық ордасы – надандық, оны жеңу үшін терең білім, жүйелі ғылым қажет. Адам санасының өшпес сәулесінің міндеті, адам жүрегіндегі мейірім толқынын тұңғиыққа толы теңіздейін тасыту, Жаратушы иемізге даңғыл жолды ашу, табиғат тамашасын көздің қарашығындай сақтау. Абайдың ойынша адам баласы ызалы жүректің құлы емес, сондықтан кісінің өмір сүруі, еңбек етуі, ғылыммен ғибраттануы және де толық адамдыққа ұмтылуы қажет. Осы тұста Абай һәкімнің ой-білім дариясынан жетінші, отыз бірінші және отыз екінші сөздеріның бір парасына үңіліп тағылымдануға оқырмандарды шақырамын.

Мақсұтхан Ақыштегі,

өлкетанушы-қаламгер



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?