Көп тіл білген көп ілгері


18.06.2022 15:05

Тіл – адамзат өмірінің басты қажеттіліктерінің бірі.

Тіл – адамзат өмірінің басты қажеттіліктерінің бірі. Тіл - ең алдымен, бізге қарым-қатынас құралы ретінде қызмет етеді және заман ағымына қарай толығып, жаңарып отыратын қоғамдық категория болып саналады. Ал, ана тіліміз – біздің ұлттық құндылығымыз. Ана сүтімен бойымызға дарыған туған тілімізді бағалап, оның бойындағы ұлттық болмыс, ұлттық рухымызды сақтап, келер ұрпаққа мирас етіп қалдыруды әрқайсымыз азаматтық парызымыз деп түсінгеніміз абзал.

Тәуелсіздігіміз өз тұғырына берік орнап, ана тіліміз мемлекеттік тіл дәрежесін алғаннан  бері елімізде тілге қатысты көптеген оң үрдістер қолға алынуда. 2007 жылдан бастап елімізде  «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасы қолға алына бастады. Осы жоба аясында мемлекеттік тілмен қатар, орыс тілін ұлтаралық қатынас тілі ретінде, ағылшын тілін жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу мақсатында үйренуге жағдай жасалуда.

Бұл жобаның еліміздің әлемнің бәсекеге қабілетті елдерінің қатарына қосылуына үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз. Бұдан біз көптілділіктің қазіргі таңда заман талабы екеніне көз жеткіземіз. Әлемде танылу үшін, Қазақстан  деген елден екенімізді таныту үшін қанша тіл білсек те, артық етпесі анық. Көп тіл білу – тұлға қалыптасуы барысында көптеген мүмкіндіктерге жол ашады. Кез-келген шет тілін меңгеру арқылы сол елдің әдеби туындыларының түпнұсқасымен танысуға, сол елдің психологиясын, мәдениетін ұлттық құндылықтарымызбен салыстыра отырып, ұлттық мәдениеттің барлық ерекшеліктерін сезінуге болады.

Ата-бабамыздан жеткен «жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» деген халық даналығы әлем елдерімен саяси-әлеуметтік, экономикалық және мәдени байланыс жасап отырған бүгінгі заманға дөп келіп отыр. Мұның өзі халқымыздың көрегендігі мен ізденімпаздығын паш етеді. «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі соныменен бірдейлік дағдысына кіреді», - деп ұлы Абай айтқандай, көп тілді қатар меңгеру жас ұрпақтың білім кеңістігінде еркін самғауына жол ашып, ғылым құпияларын меңгеруге, өз қабілетін танытуға мүмкіндік береді.

Адамның қалауы мен ынтасы болса, алынбайтын қамал, игерілмейтін тіл болмақ емес.

Өз тілін сүйе отырып, өзге тілге құрмет білдіре алатын азаматтардың тасы өрге домалайды десек, қателеспеспіз.

Н.Жокижанова,

Үміткер ЖББОМ

 қазақ тілі және

 әдебиеті пәнінің

мұғалімі



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?