Нәзік жанды тергеуші


15.01.2022 11:21

Полицияда ер адамдармен бірге қызмет атқарып жүрген қыздар да жетерлік. 

Өздеріне жүктелген күрделі міндеттерді жауапкершілікпен атқарып жүрген нәзік жандар - қиындыққа қарамастан, тәуліктің кез келген уақытында қоғамдық тәртіпті, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау жолында өздеріне тапсырылған міндетті мүлтіксіз орындап жүр. Сондай қыздарымыздың бірі - Бұқар жырау ауданының Полиция басқармасы Ғ.Мұстафин атындағы кентінде орналасқан полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің тергеушісі, полиция капитаны Айгерім Сүндет.

Оның бойында дарыған нәзіктігі, сыпайылығы, биязылығы бола тұра, сырт көзге байқала бермейтін өткірлік пен өжеттік бар. Ол қызметтік міндеттерін үлгілі орындайды, жақсы көрсеткіштер көрсетеді.

– Өзім 1992 жылы Қарқаралы ауданында туып-өстім. Орта мектепті бітіргеннен кейін бірден Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне түстім. Оқу бітірген соң ішкі істер органдарындағы қызметімді Қарағанды қаласының Полиция басқармасының Киров полиция бөлімінен бастадым. Әуелде Ақпараттық аналитикалық тобы технигі болып бастап, кейін тергушінің көмекшісі бодым. Бүгінде Бұқар жырау ауданының Ғ.Мұстафин атындағы кентінде орналасқан полиция бөлімінде тергеушімін. Үйде бес баламыз. Үйдің үлкені мен. Бұл мамандықты таңдағанымда ата-анам мүлдем қарсы болмады. Керісінше, әкем менің полиция қызметкері болғанымды армандап жүргенін, мені қолдайтынын айтты. Отбасымда бұрын полицияда қызмет атқарған ешкім болған жоқ, –дейді Айгерім.

Тергеуші қызметінің ең ауыр жүгі – ар алдындағы адалдық. Сонымен қатар қашанда үлкен жауапкершілікті, сабырлық пен төзімділікті және ұқыптылықты қажет ететін күрделі қызмет саласы. Тергеуші қызметінің маңыздылығының бірі адам тағдырына байланысты болғандықтан, әрбір болған қылмысты жан-жақты тергеп-тексеріп, ақ-қарасын анықтап, қылмыскердің кінәсін немесе кінәсіздігін дәлелдеп, әділ шешім қабылдау болып табылады. Біздің әр күніміз ғана емес, әр сағатымыздың өзі қым-қуыт оқиғамен өріліп жатады. Сол себепті қызметтің ыстығына күйіп, суығына тоңған майталман әріптестерімнен тәжірибе алып, әрмен қарай шыңдалып келемін. Әр уақытта өзімнің қызметімді мақтан тұтамын. Биылғы жылы онға жуық іс қаралды. Олардың ішінде тоқтатылған іс те болды. Барлық тергеу амалдарын жүргіземіз. Нақты сұрақтар қойып, мардымды жауап алуға барынша тырысамыз. Барлығы заң шеңберінде қаралады, тексеріледі.

- Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

- Түрлі жанрдағы кітаптарды оқығанды жақсы көремін. Достарыммен қыдырып, бос уақытымды пайдалы өткізуге тырысамын.

– Үйде тамақ әзірлейсіз бе?

– Иә, әрине. Асханада түрлі тәттілерді дайындағанды ұнатамын. Жұмыста тергеушімін. Үйде барлық қыздар секілді үй тіршілігімен айналысамын.

Тынымсыз полиция қызметі қыздарға қол емес деп айтуға болатындай, алайда, иықтарына погон таққан арулар қиындыққа мойымайтын қайсар жандар.

Мақсат пен арманға жету жолында аянбай еңбек етіп жүрген қыздарымыз үміт артқан ата-анасының, елдің сенімін ақтайтынына сенімдіміз.

Ғ.Қазалиева,

Бұқар жырау ауданының ПБ ІСКТ жетекші маманы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?