Ғарышты бағындырған қазақ қыраны


10.04.2021 07:26

12 сәуір – Халықаралық авиация және ғарышкерлер күні

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының батыры, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіровтің аспан әлемін бағындырар ұшқыш боларын анасы Кәмила әу бастан болжап, білген. Анасының еркелетіп атаған «әппақ көбелегінен» халқының қыранына айналған ел батырының өмір жолы қалай басталды.

1946 жылы Қарқаралы ауданы, Бірінші май ауылында дүниеге келген тұңғыш ғарышкер қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы. Әкесі Оңғарбай мен анасы Кәмила ұста адамдар болған. Әкесінен ерте айрылған ұшқыш ағамыз апасы мен анасының тәрбиесін алып өседі. Бала күнінен ұшқыш болуды арман қылған бала Тоқтар бос уақытында аэроклуб үйірмесіне қатысып, парашюттен секіруге әуестенеді. Мектепті аяқтаған соң Теміртау қаласындағы құю-механикалық зауытында токарь болып жұмыс атқарады. Қарапайым жұмысшы болып жүрген Тоқтар Әубәкіров адамзат тарихында алғаш рет ғарышқа ұшқан Юрий Гагариннің ерлігін қайталағысы келген арман жетегінде 1965 жылы Армавир жоғары әскери авиация мектебіне оқуға түсіп, оны 1976 жылы бітіріп шығады. Жалғыз ұлының ұшқыштар училищесіне оқуға түскендігін естіген анасы о баста қатты қамыққанымен, артынан өзінің ақ батасын берген.

Ұлан-Удэ авиациялық зауытында және А.Микоянның конструкторлық бюросында ұшқыш-сынаушы болып қызмет атқарған Тоқтар ағамыз 50-ден астам ұшақтың түрін игерген.1988 жылы МИГ-31 ұшағымен тұңғыш рет  Солтүстік полюске рейс жасайды. 1989 жылы МИГ-29 авиатасымалдағышын әуеге көтереді. Ал, 1990 жылы оған ғарышкер болуға ұсыныс түсіп, бір жылдан соң кандидатурасы бекітіледі. 1991 жылы экипаж командирі Александр Волков, зерттеуші Франц Фибекпен бірге Союз ТМ-13 кемесімен ғарышқа ұшқан Тоқтар Әубәкіров бір апта бойы «Мир» орбиталық кешенінде жұмыс істеп, 7 күн, 22 сағат, 13 минут уақыттан соң жерге оралады.

Тоқтар Әубәкіров мемлекетіміздің ғарыш саласындағы істеріне басшылықта, Елбасының ғарыш істері жөніндегі кеңесшісі де болып қызмет атқарған. Бірнеше рет Қазақстан Республикасының  Парламенті мәжілісі сайлауына түсіп, депутат қызметінде де болған.

Қазіргі таңда Нұрсұлтан қаласының тұрғыны болып есептелетін ғарышкердің жұбайы Татьяна екеуінің Тимур, Михаил есімді екі ұлы бар. Екі ұлынан үш қыз, бір ұл немере сүйген.

Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағының батыры, Австрияның «Алтын крест» орденінің иегері, «Халық Қаһарманы», «Отан» ордені, «Алтын жұлдыз», «Ғасыр саңлағы», «Қазақтан шыққан Тұңғыш ғарышкер», «Түріктен шыққан Тұңғыш ғарышкер» сынды ресми атақ пен марапаттарға ие.

Дайындаған Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?