«Елге сіңген еңбек жақсы, Еңбекті елеген ел жақсы»


10.04.2021 07:23

Кешегі заманның өткен күндері бүгін тарих беттерінде қалса, сол жылдары халқының ортасынан адал еңбегімен дараланып, ел құрметіне бөленген жандардың өмір жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі ретінде ұлықталуда.

Сондай ірі тұлғалардың бірі – ауданның Құрметті азаматы Бакишев Базарбай Бәкішұлы.

Ол 1926 жылы 10-қаңтарда Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Мұрынтал ауылында дүниеге келген.

Базарбай Бәкішұлы өзінің өмірі мен қызметінің басым бөлігін педагогикалық еңбекке, жас ұрпақты патриотизм рухында және адал еңбекке деген сүйіспеншілікке тәрбиелеуге арнады.

Еңбек жолын 1942 жылы Қарағанды облысы, Ворошилов ауданы, Семізбұғы орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастады.

1943 жылы Қарағанды қаласындағы мұғалімдер институтына түсіп, оны 1945 жылы бітірді. Институтты бітіргеннен кейін 1945 жылдың тамыз айынан 1947 жылдың қазан айына дейін Көкшетау қаласының орта мектебінде мұғалім болып қызмет атқарды.

Ал 1947-1950 жылдары Кеңес армиясы қатарында отан алдындағы әскери міндетін өтеді.

Әскерден оралып, ұстаздық саласында белсенді қызмет атқарды. 1950-1957 жылдары  Ворошилов ауданының Шалқар, Пушкин және Семізбұгы мектептерінде мұғалім және директор болып қызмет етті.

1957-1960 жылдары Ульянов аудандық білім бөлімінде мектеп инспекторы болып жұмыс жүргізді. Ал 1960-1962 жылдары Қазақстан Коммунистік партиясының Ульянов аудандық комитетінің идеология бөлімінің инструкторы болып тағайындалды. Іскерлік қабілеті мен адал еңбегінің арқасында Ульянов аудандық білім бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

Халқына, еліне бар білімін, күш-жігерін сала, белсенді қызмет жасаған Базарбай Бәкішұлы 1969-1971 жылдары Ульянов аудандық халықтық депутаттар кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланды.

Кейін, 1973 жылы Ульянов кентінің Халық депутаттары Кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланып, осы қызметте 1987 жылдың желтоқсан айына дейін жемісті еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады. Абыройлы еңбегі үшін Базарбай Бәкішұлы дербес зейнеткер атанады.

Сонымен қатар, ол  көп жылғы адал еңбегі үшін түрлі мемлекеттік марапат иеленді. Ағарту саласындағы еңбегі үшін «Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен,     «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін» медалімен, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 65 жыл» белгісімен, «1941-1945жж.соғыс ардагері» белгісімен марапатталған.

2004 жылғы 20 қаңтарда Бұқар жырау аудандық мәслихатының 4-ші сессиясының шешімімен жергілікті мемлекеттік басқару саласында өзін ерекше қырынан көрсеткен Бакишев Базарбай Бәкішұлына «Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Адамгершілігі, кішіпейіл де қарапайым қасиеттерімен Базарбай Бәкішұлы аудан тұрғындары арасында үлкен абыройға ие болды.

Зейнеткерлік шағында да қоғамдық жұмыстарды атқарды. Көп жылдар бойы қоғамдық негізде Ульянов аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесі төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді.

Базарбай Бәкішұлы өзінің адал өмірлік серігі Бакишева Майпа апамен бірге егеменді еліміздің игілігі үшін жұмыс істейтін еңбекқор, білімді ұрпақ тәрбиелеп өсірді.

Аудандық мемлекеттік архивінің қорында «Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматтары» жеке тектік құжаттар жинағында ауданымызға еңбегі сіңген ел ағасы Базарбай Бәкішұлы Бакишевтің жеке құжаттары лайықты орынға ие болды.

Д.Шибаева,

Бұқар жырау аудандық мемлекеттік архивінің

басшысы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?