Зайырлылық құндылығының бағыттары


07.01.2021 11:37

Дін және руханият

Идентификациялық қалып – мемлекет бірнеше діни ұйымдармен әріптестік және серіктестік орнатады; дәстүрлі діндерге мәдени құндылық ретінде қолдау білдіріп, олардың білім беру орындарында оқытылуына мүмкіндік жасайды.

Идентификациялық қалып көпұлтты мемлекеттерге тән. Оларға мемлекеттерінің даму тарихында Құдайды насихаттау арқылы адамдарды дінге мәжбүрлеуді басынан өткерген елдер (Франция, Ресей, Балтық жағалауы елдері, Украина, т.б) жатады.

Зайырлылықтың идентификациялық қалпы – зайырлылық пен діндарлықты қоғамның түрлі салаларында (мәдениет пен құқықтық сана, әлеуметтік тұрақтылық, дінаралық және ұлтаралық келісімдерді реттеу, ізгі қатынастар орнатып, нығайту) пайдалану.

Идентификациялық қалыптың негізгі ерекшеліктеріне мемлекеттің діни ұйымдарға серіктес болуы, азаматтардың заманауи ұлттық-мәдени және діни ерекшеліктерін ескере отырып, оған қолдау танытуы тән. Халық кепіл болғандықтан, мемлекет саясаты мәдени-рухани құндылықтарды сақтауға, азаматтарының діни наным-сенімін құрметтеуге бағытталады. Мемлекеттің діни ұйымдармен серіктес болуының қайнар көзі осыдан бастау алған.

Басқа қалыптарға қарағанда идентификациялық қалыпқа жататын мемлекеттер ойластырылған, мақсатты түрде діни ұйымдармен әріптестік, серіктестік сипатта жұмыс атқарады. Мысалы, Ресей Федерациясы халықтың діни, рухани-мәдени, тарихи мұрасы ретінде діни ұйымдардың жұмысына қолдау көрсетіп, оларды мемлекеттің рухани-мәдени байлығы ретінде қарастырады.

Оның тарихи сипаттары төмендегідей:

1. Мемлекет пен дін қатынастарының тарихи кезеңдері мен олардың сабақтастығының ескерілуі;

2. Дін мен мемлекеттің жігі нақты ажыратылған және мемлекет басшысы қандай да болмасын дінді уағыздамайды;

3. Мемлекеттік білім беру мекемелерінде дінді уағыздау жұмыстары жүргізілмейді, дін тек мемлекеттің тарихи-мәдени құндылығы ретінде оқытылады.

Қазіргі әлемде зайырлы мемлекеттердің дінге қатысты ұстанымын үш топқа жіктеп, қарастыруға болады:

а) клерикалдық жүйеге жақын зайырлылық;

ә) конкордаттық жүйеге жақын зайырлылық;

б) діндерге тең құқық беретін зайырлылық.

Клерикальдық жүйеге жақын зайырлы мемлекеттерге Түркия, Малайзия, Белоруссия секілді мемлекеттерді жатқызуға болады. Себебі, бұл елдер зайырлы мемлекет болғанымен, территориясы мен халқының тарихи танымында ерекше рөлге ие бір дінге мемлекеттік тұрғыдан қолдау көрсетіп отыр. Дегенмен, мемлекеттің саясатына дінді араластырмайды. Егер дін күшейіп келе жатса, оған шектеу қойып отырады.

Конкордаттық жүйеге жақын зайырлы мемлекеттерге Мысыр, Ауғанстан және Ливан сынды мемлекеттерді жатқызуға болады. Мысалы, Мысыр зайырлы мемлекет болғанымен, кейбір мәселелерде ислам діні өкілдерімен санасып отырады. Ислам дінін оқытатын оқу орындарын мемлекеттік қазынадан қаржыландырады. Ливан мемлекеті «Хизбуллаһ» секілді діни ұйымның өкілдерімен санасуға мәжбүр.

Алайда, әлемнің көптеген мұсылман мемлекеттері зайырлы мемлекет өлшеміне сәйкес келмейді. Мысалы, Иран ресми түрде теократиялық мемлекет болып саналады. Конституциялары Құран мен шариғатқа негізделген, мемлекеттің басқару жүйесіндегі саяси билік дін басшыларының қолында шоғырланған.

Малайзия соңғы жылдары зайырлы мемлекет ұғымынан алшақтай бастады. Оның нақты көрінісін мұсылмандардың ісін қарайтын діни полицияның жұмыс жүргізуінен аңғаруға болады.

Мұсылман тұрғындары басым зайырлы мемлекеттер де бар. Олардың қатарына Түркия мен Әзірбайжан жатады.

Ал Израильде дін мемлекеттен толық ажыратылмаған. «Діни мемлекетпіз», «мемлекеттік дініміз бар» деп ресми түрде хабарлағанымен, өзін «зайырлымыз» деп те жариялайтын мемлекеттер кездеседі. Олардың қатарына Англия, Дания, Мысыр, Тунис, Бангладеш және т.б. кіреді.

Әлемнің бірқатар елдері өздерін «зайырлы елміз» деп жариялағанымен, зайырлылық әртүрлі қалыпта жүргізіледі. Бұл, әрине, сол елдерде қалыптасқан ұлттық құқықтық жүйелерге, мәдени дәстүрлер мен салттарға, мемлекеттік-конфессияаралық қатынас сынды факторларға байланысты.

Зайырлылықтың эквипотенциялық қалпын ұстанатын АҚШ-ты мысалға келтірсек, президенттік қызметке Інжілмен ант беру арқылы кіріседі, Конгресс мәжілісін христиан капелландары ашады т.с.с. Дегенмен, дамыған елдердің зайырлылықты басшылыққа алып, теократияны тарихи анахронизм деп айыптайтыны жасырын емес.

Жалпы, мемлекеттің зайырлы үлгісі әр елде әртүрлі сипатта іске асуы мүмкін. Жаһандық интеграциялық үрдістер бірұлтты аймақтағы мемлекеттерге көпұлтты халық пен түрлі мәдениеттің енуіне жол ашты. Бұл – түрлі ұлтпен, мәдениетпен бірге түрлі наным-сенімдер мен діндер де қатар енеді дегенді білдіреді.

Аталмыш жағдай түрлі қызығушылықтарды ұштастыратын құрылымдардың тетіктері мен үлгілерін ғылыми тұрғыдан жетілдіруге міндеттейді. Себебі, ұлтаралық және конфессияаралық шиеленістерден туындайтын мәселелерді шешу, діндар азаматтармен қатар, дін ұстанбайтындардың да қызығушылықтарын қанағаттандырып, елдегі тұрақтылықты сақтау – зайырлы мемлекеттің басты міндеті.

Kazislam.kz



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?