Абай – біртуар тұлға


17.10.2020 15:24

Ұлы кемеңгер, қазақтың данышпаны, ақын Абай Құнанбайұлының туғанына биыл 175 жыл. 

Абай - халқымыздың ұлы ұстазы, тәлімгер педагогы. Оның өлеңдері мен қара сөздерінің ең басты объектісі - адам, басты мақсаты - адам тәрбиесі. Ендеше, баланы тәрбиелей отырып оқытуды көздейтін педагогика ілімін Абай шығармаларымен ұштасып жатқан адамтану ілімі деп те қарастыруға болады деп ойлаймын.

Оқу-білімге шақырушы – кемеңгер Абай. «Қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдызы - Абай», - деген  Міржақып Дулатұлы. Өз шығармаларында Абай Құнанбайұлы қазақ жастарына білім беруді, оқытуды өзекті мәселе ретінде қарастырады. Демек, балаларды оқыту, олардың өмірдегі мақсаты,өмірлік жолын айқындаудағы іс-әрекеттеріне жол сілтеу - ұстаздың басты парызы. Ал, ұстаздың берген білімінің «талаптыға кез болып», дұрыс ұғынып сабақ алу жастардың міндеті екенін айта келе,  «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, пайдасын көре-тұра тексермедім» - дей отырып, ақын жастарды ерте кезден ілім-білім алуға, еңбектенуге  шақырады. Данышпан Абай  жастарды оқуға шақырғанда осы мәселелерді әрдайым басты орынға қояды. Қай жолды таңдап, қай соқпақпен жүруді, қай елдің тілін үйреніп, білімін ұғынуға тырысуды, оғаш, оспадар қылықтардан сақтанып, дұрыс әрекет етуге үндейді. Ал, алған білімі адамгершілік  ұстаныммен  ұштасып жатқанда ғана ол  «толық адам»  болып қалыптасатынын тағы да ескертеді. Осылайша, тек біліммен қаруланған жастардың болашағы зор екендігін айтады.

Абай ілімі халықтың рухани жаңғырумен тығыз байланысты,ал даналығы қазіргі заманмен үндес. Оның шығармалары сананы оятып, ойға ой қосады, асыл армандарға жетелейді, өзіңді-өзің талдап, тазаруға итермелейді.

Өйткені, ақынның мақсаты - адамды адамгершілік тұрғысынан жетілдіру арқылы қазақ қоғамын жетілдіру, оны дамыған мәдениетті елдер қатарына қосу. Осы мақсатты көздеген ақынның мұрасынан зор тағылым алуға болады. Өз заманында ақынның көтеріп отырған осы мәселесі бүгінгі күнде де өзектілігін жойған жоқ. Өйткені, Тәуелсіздік алғанына 29 жыл толып отырған жас мемлекетіміздің алдында тұрған басты мақсат – дамыған 30 елдің қатарына ену. Мәдениет пен білімді дамыту арқылы қоғамдық сананы қалыптастыру - әлемдік кеңістікте еркін қарым-қатынас орнату құралы екендігі бүгінде дәлелденіп отыр. Кезінде Абай атамыздың  өлең-жырларына арқау болған ой-толғаныстары қазіргі тәуелсіз жаңа заманымызда өрісі кеңіп, өсе түспесе, еш кеміген жоқ. Өзіміз куә болып отырғандай бүгінде жастарымыз мұхит асып, шетелдерде білімдерін шыңдап, тіл үйреніп, озық тәжірибелер жинақтауда.

Қорытындылай келе, қазақ халқының дамуына, «көкірек көзінің оянып», білімпаз болуына  өз үлесін қосып, артынан мол мұра қалдырған данышпан Абай есімін  кейінгі ұрпаққа насихаттау - біздің  парызымыз. Абай есімі мәңгіге алтын әріппен жазылған есім. Өйткені, Абай – қайталанбас тұлға!

Меруерт Жұмағұл, 

Көкпекті  орта мектебі директорының

тәрбие ісі жөніндегі орынбасары



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?