Бұқар жырау ауданында жастар кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға арналған гранттарды беру байқауының ережесі


19.05.2021

Бұқар жырау аудан әкімінің

2021 жылғы 19 мамырдағы

№81-ө  өкіміне 2 қосымша


1. Жалпы ережелер

1.1. Бұқар жырау ауданында жастар кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға арналған гранттарды беру байқауының Ережесі (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңына сәйкес әзірленді. Бұқар жырау ауданының жастарына бизнес – идеяларды іске асыру, жаңа бизнесті ашу және жұмыс істеп тұрған бизнесті дамыту үшін жастар кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға гранттар (бұдан әрі - гранттар) берудің шарттары мен жүйесін анықтайды.

1.2. Байқау жұмыссыз жастарды еңбекпен қамтуға жағдай жасау, жас кәсіпкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, аудандағы жастарын жұмыспен қамтуда ықпалдасу, сондай-ақ жастардың дағдылары мен білімдерін қолдану және жүзеге асыру мүмкіндіктерінің шеңберін кеңейту мақсатында өткізіледі. 

1.3. Жастар кәсіпкерлігін қолдау шараларын гранттар түрінде қаржыландыру аудандық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Грант сомасын қаржыландыру жоспарында көзделген қаражат шегінде комиссия белгілейді.

1.4. Байқауға қатысушы, гранттарды алуға үміткерлерден құжаттарды қабылдауды және гранттарды ұсыну туралы шешімдерді талқылауды, грант алуға үміткерлердің өтініштерін қарау жөніндегі Бұқар жырау ауданы әкімінің жастар кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға арналған Комиссия (бұдан әрі-Комиссия) жүзеге асырады. Комиссия құрамын Бұқар жырау ауданының әкімі бекітеді. Комиссияның жұмыс мекемесі «Бұқар жырау ауданының жастар ресурстық орталығы» КММ (бұдан әрі-ЖРО) болып табылады.

2. Гранттар беру шарттары

2.1. Грант алуға үміткерлер - Бұқар жырау ауданында тұратын және осы ауданында тіркелген, 18 бен 28 жас аралығындағы (28 жасты қосқанда), жұмыссыздар, жұмыспен қамтылғандар және кәсіпкерлер болып табылады.

2.2. Байқауға қатысуға мектеп оқушылары, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттері жіберілмейді.

2.3. Жастар кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға арналған гранттар бір рет беріледі. Бұған дейін Қарағанды облысы әкімінің және Бұқар жырау ауданы әкімінің бизнесті дамыту гранттарына ие болған жас кәсіпкерлер байқауға қатысуға жіберілмейді.

2.4. Жастар кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға арналған грант сомасы, комиссия шешімі бойынша «Бұқар жырау ауданының жастар ресурстық орталығы» КММ арқылы алушының ағымдағы банктік шотына, ақысыз және қайтарымсыз негізде байқаудың іріктеу тәртібімен бастапқы бизнесті немесе жұмыс істеп тұрған бизнесті іске асыруды жоспарлайтын Бұқар жырау ауданының жас және жаңадан бастаған кәсіпкерлеріне беріледі.

2.5. Грант қаражаты қажетті еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды,  жануарларды сатып алу, комиссияның қарауына ұсынылған бизнес-жобаны іске асыру үшін үй-жайларды жалға алу үшін нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылады.

2.6. Гранттар тұтынушылық мақсаттарға, кредиттік қарыздарды өтеуге, тұрғын үй, жылжымайтын мүлік сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнім өндіруге берілмейді.

3. Комиссия жұмысын ұйымдастыру

3.1. Гранттарды алуға үміткерлердің өтініштерін қарау үшін 5 адамнан кем емес, мемлекеттік атқарушы органдардың  және қоғамдық  өкілдерінің қатысуымен комиссия құрылады.

3.2. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі, сондай-ақ оны ZOOM-конференция режимінде өткізуге жол беріледі.

3.3. Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан және комиссия мүшелерінен тұрады. Комиссия төрағасы аудан әкімінің орынбасары болып табылады. Комиссия хатшысы «Бұқар жырау ауданының жастар ресурстық орталығы» КММ жұмыс мекемесінің өкілі болып табылады. Комиссия хатшысының шешім қабылдау кезінде дауыс беруге құқығы жоқ.

3.4. ЖРО ұсынылған өтінімдер мен құжаттардың негізінде грант алуға үміткерлердің тізімін қалыптастырады. Байқауға қатысушылардың ұсынған құжаттарын және ауылдар мен кенттерге барумен, бизнес-жобаларды бағалауға арналған мониторингтік топтың аналитикалық жазбасымен бірге комиссияға ұсынады.

3.5. Комиссия хатшысы комиссия отырысын ұйымдастыруды жүзеге асырады, төрағаның келісімі бойынша отырыстың өткізілетін орнын, күнін және уақытын белгілейді. Комиссия мүшелеріне алдағы отырыс туралы хабарлайды, оның мүшелеріне отырысты өткізу үшін қажетті материалдарды жеткізеді.

3.6. Комиссия отырысы, егер оған оның құрамының кемінде 2/3-і қатысса, заңды деп есептеледі. Комиссияның әрбір мүшесі бір дауыс беруге құқылы.

3.7. Комиссия бес жұмыс күні ішінде үміткерлер ұсынған құжаттарды қарайды, қажет болған жағдайда жеке әңгімелесуді, презентацияны, бизнес-жоспарларды қорғауды жүргізеді немесе грант алуға үміткер тұлғалардан қосымша құжаттарды сұратады; ұсынылған жобалар мен құжаттардың белгіленген талаптарға сәйкестігі, бизнес-жобаның енгізуге дайындығы, одан әрі даму перспективасы және нақты елді мекен үшін таңдап алынған қызмет түрінің өзектілігіне талдау және бағалау жүргізеді.

3.8. Үміткерлер ұсынған құжаттарды қарау, талдау және бағалау нәтижелерін комиссия әрбір кандидатура бойынша ашық дауыс беру арқылы грант беру не бермеу туралы шешім қабылдайды. Грант беру туралы шешім, егер үміткерге отырысқа қатысып отырған Комиссия мүшелерінің кемінде 3/4-і дауыс берсе қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

3.9. Комиссия шешімі хаттамамен рәсімделеді, оған қатысып отырған Комиссия мүшелері қол қояды және бекіту үшін аудан әкімінің қарауына енгізіледі. Комиссия шешімі аудан әкімі бекіткеннен кейін күшіне енеді.

3.10. ЖРО аудан әкімінің өкімін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде байқауға қатысушыларды қабылданған шешім туралы хабардар етеді, он жұмыс күні ішінде байқаудың іріктеуден өткен әрбір грант алушымен Бұқар жырау ауданында жастар кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға арналған грант беру туралы шартына (бұдан әрі - шарт) – Бұқар жырау ауданының жастар ресурстық орталығы, Бұқар жырау ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі және грант алушы арасында жасалатын үш жақты жазбаша келісімге қол қояды.

3.11. ЖРО шарт жасалғаннан кейін он жұмыс күні ішінде грант алушының ағымдағы банктік шотына грант қаражатын аударуды жүзеге асырады.

4. Байқауды ұйымдастыру кезеңдері

4.1. Байқауды ұйымдастыру мен табыстау  үш кезеңде өткізіледі:

І кезең (аудандық «Бұқар жырау жаршысы» газетінде және әлеуметтік желілерде хабарландыру жарияланғаннан кейін 20 жұмыс күні ішінде) – грант алуға өтінімдер мен құжаттарды қабылдау, байқау ережелерін түсіндіру кеңестерін өткізу;

ІІ кезең  (15 жұмыс күні ішінде) – кенттер мен ауылдарға барып  бизнес-жобаларымен танысу;

ІІІ кезең  (10 жұмыс күні ішінде) – гранттарды табыстау, оның ішінде:

- грант жеңімпаздарын аңықтау;

- грант жеңімпаздарымен шарттарды жасау;

- грант жеңімпаздарын марапаттау;

- БАҚ-та грант алушылардың тізімін жариялау.

4.2. Бір гранттың сомасы 500 000 (бес жүз мың) теңгеден кем емес.

4.3. Грантты ұсыну байқауына қатысу үшін, тиісті түрде рәсімделген құжаттар,  Ботақара кенті, Абылай хан көшесі, 41а (аудандық «Nur Otan» партия филиалының ғимараты) мекенжайы бойынша, «Бұқар жырау ауданының жастар ресурстық орталығы» КММ қабылданады. Анықтама үшін телефон: 8/72154/22130, 22287.

4.4. Конкурстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін қоғам, БАҚ өкілдері, мәслихат депутаттары мен еріктілерден құрылған мониторинг тобы кенттер мен ауылдарға барып, бизнес-жобаларды бағалауға қатысады.

5. Үміткерлерге қойылатын талаптар

5.1. Грант ұсыну байқаына қатысу үшін үміткер «Бұқар жырау ауданының  жастар ресурстық орталығы» КММ жүгінеді және келесі құжаттарды ұсынады (құжат тігілетін папкада немесе файлдық папкада болуы тиіс):

1. осы ережедегі қосымшаға сәйкес, нысан бойынша байқаудың іріктеу тәртібімен грант алуға өтініш (ЖРО-да толтырылады, өтініш берушіге құжаттарды қабылдағаны туралы қолхат беріледі);

2. жеке куәлігінің көшермесі (салыстыру үшін құжаттың түпнұсқасы ұсынылады);

3. жеке кәсіпкер ретінде қызметті бастағаны туралы хабарламаның, мемлекеттік тіркелу талонының немесе заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі (жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін);

4. жұмыссыз ретінде тіркеу туралы аңықтама (жұмыссыздар үшін);

5. бизнес-жоспар (жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер мен жұмыс жастарының өз қаражатының кем дегенде 10% пайдалануын көрсететін);

6. 10 слайдтан аспайтын бизнес-жоспардың презентациясы (жобаны қорғау үшін электронды нұсқада) немесе  бейнеролигі (3 минуттан аспайтын);

7. кәсіпкерлік негіздеріне оқудан өткенін растайтын құжаттың көшірмесі (болған жағдайда);

8. жобаны іске асыру үшін қажетті арнайы білімді немесе жұмыс тәжірибесін растайтын құжаттың көшірмесі (болған жағдайда);

9. жоба бойынша өндірістік бағдарламада пайдаланылатын мүлікке меншік құқығын растайтын құжаттар, сондай-ақ жалдау келісімнің көшірмесі (жұмыс істеп тұрған бизнес болған жағдайда);

10. жастар кәсіпкерлігін қолдауға немесе дамытуға арналған грант беру туралы кент/ауылдық округ/ауыл әкімінің қолдаухаты;

11. кірістер мен мүлік туралы декларация;

12. жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін қызмет көрсететін банктерден несие болуы (болмауы) туралы анықтама (түпнұсқа (жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін);

13. жұмыс істеп тұрғандар және жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін қызмет көрсететін банктерден сұралған грант сомасының 10% -ның болуы туралы анықтама (түпнұсқа (жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер мен жұмыс істейтін жастар үшін);

14. әкімшілік айыппұлдардың болуы (болмауы) туралы анықтама (егер жоба мақұлданса, грантты қиындықсыз аудару үшін);

15. жеке несиелік есеп немесе несиелік тарих дерекқорында ақпараттың жоқтығы туралы анықтама (егер жоба мақұлданса, грантты қиындықсыз аудару үшін).

5.2. Үміткер осы ережеде көрсетілген тізімге сәйкес құжаттарды толық ұсынбаған жағдайда, ЖРО нақты кемшіліктерді көрсете отырып үміткерге ұсынылған құжаттарды пысықтау үшін қайтарады.

5.3. Грантқа өтініш берушілер жұмысқа орналасуға жәрдемдесу шараларын алу үшін қажетті жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісім береді.

6. Гранттарды пайдалану мониторингі

6.1. Шарт жасалған күннен бастап 36 ай ішінде гранттарды мақсатты пайдалану мониторингін Бұқар жырау ауданының жастар ресурстық орталығы, Бұқар жырау ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі,  кенттер, ауылдық округтер және ауыл әкімдері жүзеге асырады.

6.2. Грант алушы грант алған сәттен бастап екі ай ішінде ЖРО-на еңбек құндылықтарды, құрал-саймандарды, технологиялық жабдықтарды, жануарларды сатып алғандығын, үй-жайларды жалға алғанын растайтын төлем құжаттарын ұсынады.

6.3. Грант алушы грант алған сәттен бастап отыз алты ай ішінде, жыл  сайын, есепті  01 шілде және 31 желтоқсан аралығында, кәсіпкерлік қызметтің жай-күйі, құрылған жұмыс орындарының саны және т.б. туралы ақпаратты қамтитын бизнес-жоспарды іске асыру туралы есеп береді (оның ішінде фото- және бейнематериалдар). Грант алушы бизнес-жоба бойынша кәсіпкерлік қызмет туралы материалдарды БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жариялауға келісім береді.

6.4. Грант қаражатын мақсатсыз пайдалану фактісі анықталған жағдайда, ЖРО кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімімен бірлесіп, аталған факті туралы аудан әкіміне жазбаша хабарлайды. Берілген ақпарат негізінде аудан әкімі шағын кәсіпкерлік субъектісімен шартты бұзу туралы шешім қабылдайды.

6.5. Аудан әкімі шартты бұзу туралы шешім қабылдаған жағдайда, ЖРО аудан әкімі аппаратымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған тәртіпте нысаналы мақсатқа сай пайдаланылмаған грант қаражатын қайтару бойынша іс-шаралар өткізеді.

 

Бұқар жырау ауданында

жастар кәсіпкерлігін қолдауға және  

дамытуға арналған гранттар беру  

ережелеріне қосымша

 

Нысаны

Бұқар жырау ауданында

жастар кәсіпкерлігін қолдауға және  

дамытуға арналған грант алуға  

үміткерлердің өтініштерін

қарау жөніндегі комиссия төрағасына

 

_________________________ (Т. А. Ә.)

кімнен           

__________________________________

тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде)

_________________________________

тұрғылықты жері

_________________________________

(байланыс телефонының нөмірі,

электрондық адресі)

 

Бұқар жырау ауданында

жастар кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға арналған гранттарды беру

өтініш

 

Бұқар жырау ауданында жастар кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға арналған грант беруді сұраймын.

Өтінішке Бұқар жырау ауданы әкімінің жастар кәсіпкерлігін қолдауға және дамытуға грант беру ережелерінің 5.1. тармағына сәйкес құжаттар қоса беріледі.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын алу үшін қажетті менің дербес деректерімді жинауға және өңдеуге келісім беремін.

  Барлығы _____________________ құжат ___________ парақ.

  Грантты келесі жобаға беруіңізді сұраймын:

  1. Жобаның атауы______________________________________

  2. Жобаның болжамды құны_________________ теңге.

  3. Қажетті еңбек құралдарының, технологиялық жабдықтардың, жануарлардың, сипаттамасы

_____________________________________________________________.

  Грантты беру ережелері мен шарттарымен таныстым, ұсынылған деректердің дұрыстығына жауапкершілік туралы ескертілді.

 

  Күні                                                                                                Қолы

 

__________________________________________________________________

(кесу сызығы)

 

  _______________________________________ азаматтың өтініші

қабылданды "__" ________ 20___ тіркелген ______________

Тегі, Аты, Әкесінің аты (ол болған жағдайда), лауазымы

                                                                                  құжаттар:_____________

_______________________________________________________________________________

___________________________                     __________________________

 Күні                                                                                             Қолы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?