Тәуелсіздік күні қарсаңына Білікті басшы, елеулі тұлға


12.12.2020

Уақыт атты ұлы көштің алды ұзарған сайын тарих болып жазылған өткенімізге қарап, атқарылған істерді саралап, сараптап жатамыз. Тәуекелге толы тағылымды тарихымызды еске салатын, жеңістер мен жемістерге, жасампаздыққа жол бастайтын ұлы мейрам – Тәуелсіздік күні қарсаңында ауданымыздың қалыптасуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқан, халықтың хал-ауқатының көтерілуіне атсалысқан Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Тілеубек Ережепұлы Зейнешевтың еңбек, өмір жолы жайлы сыр шертпекпіз.

Тілеубек Ережепұлы 1942 жылы 18 қыркүйек айында бұрынғы Егіндібұлақ ауданы, Айнабұлақ ауылында дүниеге келген. Әкесі Зейнеш Ережепұлы Ұлы Отан соғысында хабарсыз кеткен. Анасы Күлжамила Ережепова колхоз басында қарапайым қызметші болған.

1948 жылы ең алғаш мектеп табалдырығын аттаған кейіпкеріміз 1958 жылы білім қабырғасынан түлеп ұшады. Үш жыл Комсомол совхозында қатардағы жұмысшы, тракторист, жүргізуші болып қызмет атқарады. Кейіннен, 1961 жылы Алматы қаласындағы ауыл шаруашылық институтына оқуға түсіп, 1966 жылы оқу орынын үздік дипломмен тәмәмдап шығады.

Мұнан соң Қарағанды облыстық комсомол комитетінде және облыстық партия комитетінде қызмет етеді. Мичурин аудандық партия комитетінің 2-хатшысы, Молодежный ауатком төрағасы, Егіндібұлақ аупарткомының 1-хатшысы, аудандық Кеңес төрағасы қызметінде болды. 1992 жылы Мичурин ауданының әкімі, 1997-1999 жылдары Қарағанды облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы, 1999-2006 жылдар аралығында Бұқар жырау ауданының әкімі лаузымында қызмет атқарады.

Өзінің азаттығы мен тәуелсіздігін жариялаған мемлекетіміз бірден алпауыт елдермен терезесін тең ұстаған елге айналмағаны айтпасақ та белгілі. Елдігімізді айқындаған алғашқы жылдарда мемлекеттің ахуалы төмен болып, барлық салалар дағдарысқа ұшырап жатты. Өнеркәсіп құлдырап, кейбір салалар тоқтап қалды.

Ел экономикасын әлсіретіп жатқан кемшіліктерді жою үшін Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың парасатты саясатымен мемлекетіміздің әр өңірінде ауқымды жұмыстар басталды. Қай кезде де басшының қызметіне әділ бағасын беретін халық емес пе?! Аудан, ауылдық жерлердегі халықтың өмір сүру жағдайы ауыр күйде болған аумалы-төкпелі кезеңде басшылық басына келген Тілеубек Зейнешевтің еңбегін бұқаржыраулық жұртшылық әлі де ұмытқан жоқ. Ел басына қара бұлтша үйірілген ауыр кезеңдердегі абыройлы қызметі мен еліне жасаған жақсы істері жайлы әлі де айтылып келеді. Адамгершілік қасиетті берік ұстанған Тілеубек Ережепұлына халқы «білгір басшы» деген бағасын берді. 

«Халықпен бірге қайғы жеңіл» демекші, мойнына артылған ауыр жүкті елінің қолдауы, қолпаштауымен көтере біліп, қиындықтардан ауданымызды аман алып шыққан білгір басшы қатаң талапшылдығымен тәртіп орнатып, елдің ауызбіршілігін бірінші орынға қойды. Тілеубек Зейнешевтің аудан әкімі басшылығына келуімен аймақтың әлеуметтік-экономикалық жаңғыруы басталды. 2001 жылдың өзінде 1158 жұмыс орны құрылып, 27 жаңа шаруа қожалықтары тіркелді, 47 шағын бизнес орындары ашылды. 1999 жылдан 2001 жылға дейін ауданда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі екі есеге, ал 2006 жылы ол төрт есеге өсті. Егістік жерлер игеріліп, ауыл шаруашылығының дамуы көріне бастады. Аудан басшысы ретінде Тілеубек Ережепұлы ауыл-ауылды аралап,

 шаруа қожалықтары мен ауыл шаруашылық құрылымдарының басшыларымен тікелей танысып, олардың мәселелеріне баса назар аударды. Тынымсыз жалғасқан еңбектің арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық мәселесі шешілді.

Тілеубек Зейнешевтің басшылығы кезінде ауданымыз дами түсті. Ботақара кеніндегі мұражай, «Жыржыс қажы» мешіті, қарттар үйі, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп жанындағы мектеп-интернаты, қоғамдық монша жөндеуден өтіп, православие шіркеуі қайта жанданды.

«Әкімі жақсы болса – елдің көркі де, бөркі де болады» демекші, іскер басшы ретінде елін қаншалықты сүйсе, соншалықты еңбек ете білген Тілеубек Зейнешев ақсақалдық жасқа жетсе де қызметті тастамай, әдемі қартаюдың үлгісін көрсетуде. 2013 жылдан бастап Қарағанды қаласының ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қызмет атқарып жүр.

Ізгілік пен адамгершілік қасиеттерін тұла бойына сыйдыра білген ағамыздың пайым-парасаты мол өнегелі өмірі келешек ұрпаққа үлгі деп білеміз.

Б.Жакешова

Суретте: Тілеубек Зейнешев.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?