КВИ жұқтыру ошақтары туралы айтып берді


21.08.2021

Қарағанды облысының тұрғындары коронавирусты қай жерде жиі жұқтыратыны туралы өңірдің бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгин Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында тікелей эфирде өткен брифингте айтты.

– Ауруды қолдайтын факторлардың ішінде 30%-ды құрайтын үй ошағы бойынша байланыс бірінші орын алады. Қоғамдық көлікті пайдалануға 18%, сауда үйлері мен орталықтарға баруға 16% тиесілі. Анықталмаған факторлары бар жағдайлардың үлес салмағы 19%-ға дейін артты – бұл ауру адамдардың көп адамдармен тойларға және басқа да іс-шараларға қатысуын жасырғанын жанама түрде куәландырады, – деп атап өтті спикер.

Оның айтуынша, 60 жастан асқан адамдар қауіп-қатерге ұшырайды – олар барлық тіркелген КВИ жағдайларының 23% құрайды. Бұл ретте коммерциялық сала қызметкерлері – ЖШС және ЖК арасында аурушаңдық екі есе өсті. Жұқтырған мектеп оқушыларының саны төрттен бірге өсті.

Облыстағы эпиджағдай күрделі болып қалуда – алдыңғы екі аптамен салыстырғанда КВИ ауруы 1,2 есе өсті, деп мәлімдеді Бас санитарлық дәрігер.

Ол жыл басынан бері карантинді бұзу фактілері бойынша 500-ден астам жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін, құқық қорғау органдарынан санэпидқызметке 1 100-ден астам материал келіп түскенін хабарлады. Бизнес нысандарына жалпы сомасы 111 млн теңгеден астам 1 387 айыппұл салынды.

– Бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынғанына қарамастан, бұзушылықтар аз бола бермейді. Кейбір тұрғындар Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері қаулысының барлық талаптарын елемей, той, құдалық, мерейтой салтанаттарын ұйымдастырады. Тағы да еске салғым келеді: осындай іс-шаралармен сіз өзіңіздің денсаулығыңызға ғана емес, жақындарыңыздың денсаулығына да қауіп төндіресіз. Өйткені, біреу жасына немесе денсаулығына байланысты коронавирустық инфекцияға қарсы тұра алмайды, – деді Юрий Залыгин.

Бас санитарлық дәрігердің ақпараты бойынша, “Ashyq” жобасының көмегімен облыс бойынша 4 753 құқықбұзушы анықталды, оның ішінде “қызыл” мәртебесі бар – 3 946, “сары” мәртебесі бар – 807. Үй карантинін бұзғаны үшін 58 адамға жалпы сомасы 2,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды. “Қызыл” мәртебесі бар карантинді бұзушылардың есімдері санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің сайтында және БАҚ-та жарияланады, деп ескертті ведомство басшысы.

Бас санитарлық дәрігер қарағандылықтарды КВИ-ге қарсы вакцинациялауға, ал ауырған жағдайда өзін-өзі емдемеуге тағы да шақырды.

Қарағанды облысының

әкімдігінің баспасөз қызметі



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?