Сыбайлас жемқорлық жөнінде айтылды



19.05.2023

Мамыр айының 18-жұлдызында кентімізге Қарағанды облысы Қоғамдық кеңесінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссия мүшесі Тлеубердинов Аркадий Нәбиұлы мен Қарағанды облысы бойынша жемқорлықтың алдын алу ақпараттық ағартушылық тобының спикері Әбішев Жомарт Сүлейменұлы келіп, Мәдениет үйінің үлкен залында ауданымыздың мекемелері мен ұжымдарының қызметкерлерімен кездесті.

Сыбайлас жемқорлық – адамдар үшін қауіп төндіріп тұрған үлкен мәселе. Сыбайлас жемқорлық қоғамымызды дамытпайды, керісінше, артқа тартады. Адамдар жең ұшынан жалғасқан соң, арнайы бөлінген қаражат белгілі бір жерге жетпей, орта жолда жұтылып кете барады. Ал оның зардабын қарапайым адамдар, елдімекендер тартады.

Осындай індеттің алдын алу үшін келген қызметкерлер ең алдымен С.Торайғыров атындағы тірек мектебінде кездесу өткізді. Содан соң мәдениет үйіне келді.

Мемлекеттік қызметкерлер - мемлекеттік құқықтық институтының иелері. Басшы мен орындаушы арасындағы қызметтік қарым-қатынастар мекеме үшін өте маңызды. Биліктің немқұрайдылығы бүгінгі таңда азаматтардың арыз-шағымдары мен өтініштер жазып, жоғары жаққа апаруына түрткі болады. Осы орайда қызметтік функцияларды дұрыс атқару мемлекеттік қызметтің дамуына өзінің септігін тигізеді.

Бұл тұрғыда кіріс корреспонденциялары сала-салаға бөлініп, олар бойынша нақты технология қолға алынуы керек. Бір мәселені шешу бойынша екі немесе үш шешім болып тұрады. Сол кезде мемлекеттік қызметші заң аясында өзінің жұмысын дұрыс атқарып, сонымен бірге орындалу мерзімін естен шығармауы керек.

Аркадий Нәбиұлы ең алдымен мемлекеттік қызметкерде қанағат болуы керек екендігін назарға салды. Ол ешкіммен қатты сөйлеспеуі, ұрыспауы, мәдениетті болуы, өзінен талап етілетін жұмысты дұрыс, заң аясында орындауы, өзіне келген адамның орындалған құжатын қолына дер кезінде тапсыруы керек.

Мемлекеттік қызметкер, мысалға, жер қатынастары бойынша комиссия құрамына кіріп, ауылдық елді мекендерге баруына, тексерістер жүргізуге құқылы. Бәрін көзбен көріп, іс жүзінде қандай жағдай көргенін қағаз бетіне түсіріп, жеке бір шаруа қожалығында жұмыс жүрмей жатқанын, егін салынбайтынын, мал өсірілмейтінін, қожалық иесінде бір бас та мал жоқ екендігін анықтама қағазына түсіріп, салық органына ұсыныс беруі керек.

Сонымен бірге оңтайландыру жұмыстары да үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Ауылдан бір басшының туысы көшіп келіп, ол өзімен жұмыс істеп жүрген маманды жұмысынан шығарып жіберіп, сол орынға өз туысын алады. Ол туысының мұрнына атқаратын жұмысының иісі де бармайтынын, сол жерде тыныш қана бірнеше жыл отырып, енді осы мекеменің басшысының орынбасары болуға талпынатынын айтады. Келгеніне екі жыл болған адам орынбасарлыққа ұсынылып, ал он жыл сол жерде мінсіз қызмет етіп отырған маман отырған орнында қала беретіні, бұндай оқиғалардың жолын кесіп, басшылыққа лайықты, тәжірибелі адамдарды жылжыту қажеттігін айтады.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға орай берілген көптеген ақпараттардан соң жиналғандарға екі бейнефильм көрсетілді. Онда лас ақшаның жолында адамгершіліктен аттап өтіп, жастарды, жасөспірімдерді нашаға отырғызған адамдардан қомақты қаржы алып, шалқып өмір сүрген басшының бір сәтте бауырынан айырылғанын, оның себебі – бауырының синтетикалық есірткіге салынып, артық қабылдағаннан о дүниелік болып кеткенін, осындай жағдайдан соң өз еркімен полицияға берілгенін, оның үлкен өкінішін баяндайды.

Бүгінде пара алу үшін де, пара беру үшін де заңның қатайып келе жатқаны назарға салынды. Қазақстан пара алу жөнінен статистика бойынша 103 орынды алып отырған ел екен. Қытай елінде пара алған адам үш ай жұмысқа тартылып, оған кәдімгідей жалақы төленеді, үшінші айда оған қомақты қаражат төленіп, одан соң атып тасталады екен. Сол сәтте дәрігер келіп, ішкі органдарын алып, мәйітті өртеп жібереді. Осыған қарамастан, Қытай да пара алушылықтан қырқыншы орында екен.  

Қазақта ұят, ар, намыс, ождан деген сөз тіркестері бар екенін, алайда ұяттың эффектісі аздау екенін айтады Жомарт Сүлейменұлы. Ұяттар жиналып келіп, арды оятады. «Жанымды қоярға жер таппай тұрмын», «Жаным мұрнымның ұшына келді» деген  тіркестер де сананың оянуына алып келеді. Іштегі мазасыздық адамға осындай әсер береді екен. Міне, осы күні жиналғандар осындай ақпараттар алды.

Қ.Ахметова

Д.Торжановтың суреттерінде: спикерлер М.Тілеубердинов, Ж.Әбішев; залдан корініс.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?