Жерлестер көмегі - Қостанайға



10.09.2022

Қыркүйек айының екінші жұлдызында Қостанай орман алқаптарында өрт орын алып, төртінші қыркүйекте от жалыны 43 мың гектарды орап алды. Бірнеше ауданның тұрғындары қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Өрттің салдарынан 12 адам зардап шексе, біреуі қаза тапты. Төтенше жағдайға байланысты өңірге еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келіп, орын алған жағдаймен танысты. Ол Әулиекөл ауданындағы табиғи өртке қарсы жүріп жатқан жұмыстарға баға берді. 

Жетінші қыркүйекте Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Юрий Ильин Әулиекөл ауданындағы өрттің сөндірілгені туралы хабарлады.

Өртке қарсы 1785 адам жұмылып, олардың иелігінде 207 бірлік техника және бес өрт сөндіру поездары болды. Жұмыстардың басынан бастап әуеден вертолеттер 272 рет су шашқанын айта кету керек.

Апатты жағдайдағы ауылдардан 2091 адам, оның ішінде үшінші қыркүйекте 1841 адам Аманқарағайдан, Озерныйдан, Леснойдан, Бағаналыдан бесінші қыркүйекте 250 адам  қауіпсіз жерге орналастырылды.

Адамдардың көпшілігі өз үйлеріне қайтты, кейбіреуі туысқандарының үйлерінде, 17 адам, оның жетеуі балалар - уақытша орталықтар аудандық мектептің базасында және мектеп интернатта тұрып жатыр.

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов:

- Қадірлі отандастар! Қостанай облысында болып жатқан табиғи апат баршамызды алаңдатып отыр. Жағдай мемлекет басшысының жеке бақылауында. Ертең партия мүшелері мен «Жастар рухы» қатарынан волонтерлер жасақталып,  апаттан зардап шеккен тұрғындарға барынша көмек көрсететін болады, - деді.

Қостанайда орын алған өрт апатынан зардап шеккендерге бүкіл еліміз бойынша гуманитарлық көмек жіберіліп жатыр. Қарағанды облысының тұрғындары да қостанайлықтардың қайғысын өзінікіндей қабылдап, сол күндерден бастап көмек қолын созды. Біз Бұқар жырау ауданы Аманат партиясының атқарушы хатшысы Анар Байханқызы Бозаевамен хабарласқан едік.

- Төртінші қыркүйекте біздің ауданымызда да қостанайлықтарға көмек жинау орталығы ашылды. Депутаттық корпус, Аманат париясының қызметкерлері арнайы есепшотқа ақшалай қаржы аударды. Депутат Ерсін Аманжолов  100 кг қант, Христенко атындағы шаруашылығы бір тонна картоп,  «Үштөбе Құс» ЖШС 10 жәшік жұмыртқа әкелді. «Рябинина», «Посохова», «Энс», «Сатаева», «Кунуспеков» жеке кәсіпкерліктері, Петровка ауылындағы «Ольга» дүкені, «Төрткөл» дүкені, Доскей, Ботақара ауылдары, барлық округ тұрғындары апат шеккен адамдарға қол ұшын созуда. Ауданымыздың басшысы Сержан Аймақов, билік басындағы барлық азаматтар, барша ауданымыздың тұрғындары бірлік бар жерде тірліктің бар екендігін көрсетіп, облыстың атынан алғыс алдық. «Жастар рухы» еріктілері Қостанайға жол тартты. Әкелінген  тұрмысқа қажетті заттардың барлығы жаңа екендігін айта кету керек, - дейді. 

Қайырымдылық – адам жүрегінен орын алатын керемет қасиет. Алланың біз арқылы адамдарға жасап жатқан көмегі әрқашан сауаптан болып, тосын жағдайлардан сақтап, отбасымызға жақсылықтар әкелетіні даусыз.

Күз айы басталды, зардап шеккендерге тез арада баспана тұрғызу керек. Әлеуметтік желілерден үлкен облыстардың тұрғындары, құрылыс компанияларының Қостанай өңірінде үй салу үшін құрылысқа қажетті материалдар жіберіп жатқаны туралы біліп жатырмыз.

Бір өкініштісі, ормандардағы жасыл желек қайтадан бойлап өсуі үшін көптеген жылдар қажет. Уақыт өтер, адамдар баспаналы болып, бүгінгі реніштерін ұмытып кетер күндер де алыс емес деп білеміз.

 

Қ.Ахметова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?