Мәңгі есте сақталады



15.01.2022

Табалдырығымызды аттаған жаңа барыс жылын жақсы жетістіктермен, көтеріңкі көңілмен қарсы алдық. 

Осы күндері еліміздің ешбір тұрғыны қаңтар айының республикамызда қоныстанған қаншама адамына қайғы мен қасірет әкелетінін сезбеген еді.

Қаңтар айының бесінші жұлдызында еліміздің батыс өңірінде тұрғындар сұйылтылған газдың бағасының қымбаттауына, азық-түлік, дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауына орай бейбіт шеруге шықты. Олар өздерінің талап-тілектерін айтқан еді. Артынша, еліміздің бірнеше өңірінде террористік жағдай орын алды.

Оңтүстікте орналасқан Алматыда, Талдықорған, Қызылордада жаппай қаруланған экстремистер емдеу орындарына, әскери гарнизондарға, дүкендерге, теледидар орталықтарына, банктерге, тағы да көптеген әлеуметтік маңызы бар орындарға шабуыл жасады. Ол жердегі қызметкерлер өздерінің жұмыс орындарын қорғауға талпынды, алайда алдын ала дайындалған, қаруланған қатігез жандар алдарынан шыққан адамдарға аяусыздықпен оқ атты, жарылғыш заттармен жарып, көліктермен басып, жаншыды.

Біздің ауданымыздың тумасы, бүгінде Қарағанды қаласында тұратын Оразалы Бейісбековты аудан жұртшылығының бәрі біледі, сыйлайды. Жасынан адал, үлкенді сыйлай білетін, кішіні құрмет тұтатын, жүрген жерін ән мерекесіне айналдыратын, жай отырмай сол үйдің баласына домбырамен немесе гитарамен ән орындауды үйрететін, керек болса осы аспаптарды таңдап, сатып алуға облыс орталығына бірге баратын, осы іс үшін алтын уақытын аямайтын Оразалыдай азамат қазіргі таңда Қушоқы орта мектебінде музыка пәнінің ұстазы болып еңбек етеді. Жүрген жерінде ақжарқындығымен, қалжыңқойлығымен, өмірге ғашық, көмек қолын созуға ұмтылып жүретін Оразалы жары, адам жанының арашашысы, мейірбике Әселмен бірге көзінің ағы мен қарасындай баласы Мадиярды нағыз азамат қылып тәрбиелеген еді.

2002 жылы өмірге келген Мадияр Қайсаров осыдан алты ай бұрын өзінің тілегімен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы қатарында әскери міндет атқарып, нағыз азамат болып шыңдалып, ораламын деген мақсат қойып, ата-анасының ақ батасымен Қызылорда қаласына аттанды. Жоғары оқу орнына келген соң түсемін деген ойын ата-анасына жеткізген ол әскери міндетін адал атқарып жүрген еді.

Алайда, жыл басындағы елімізде орын алған террорлық актілер жауынгердің арманының орындалуына жол бермеді. Бесінші қаңтар күні қатардағы жауынгер Мадияр Қайсаров жедел бөлініс құрамында Қызылорда қаласында қоғамдық тәртіпті қалпына келтіру бойынша қызметтік-жауынгерлік міндеттерін атқару кезінде ауыр жарақат алды. Ол қасында тұрған екі жауынгерді өздеріне қарай ағып келе жатқан ауыр көлік жолынан итеріп жіберіп, өзі қазаға ұшырады. Елі үшін, қасындағы жолдастары үшін шәһит болған жауынгердің рухының алдында мың да бір тағзым!

Қатардағы Айбат Аманов 2003 жылы өмірге келген. Ол да қақтығыс кезінде өміріне төнген қауіпке қарамастан, өзінің азаматтық міндетіне адалдық танытты. Ерлік жасау ешқашан оңай болмаған, оны нағыз батырлар жасай алады. Ондай жандар керек болса өзінің өмірін қиюға дайын. Өйткені, олардың бойында ата-анасының, ақ найзаның ұшымен осынау ұлан-ғайыр жерді бізге аманат етіп кеткен ата-бабасының қаны бар. Бойында осындай қан аққан азамат тек қана ерлікке, өрлікке лайық.

Еліміздегі жағдай тұрақталып, Отанның тыныштығы жолында қаза болған марқұмдар жер қойнына тапсырылды.

Оразалы Қайсарұлы жалғыз ұлын жер қойнына тапсырар сәтте:

- Біз ұлдарымызбен, жас өрендерімізбен қоштасып жатырмыз. Олар үйленбей, бесік тербетпей қыршындарынан қиылды. Бейбіт күнде шейіт болып кеткен ұлым жарты жылдан соң үйге оралатын еді. Отбасымызбен баламыздың достарын шаңырағымызға шақырып, бастарын қоссақ деген жоспарымыз бар еді. Алайда, басымызға осындай қайғылы күндер түсіп, жүрегімізді жаныштауда. Менің балам ақылды, адам жанын түсінетін азамат болып өсіп еді. Оның қасымда жоғына сене алар емеспін. Ата-ана баласын бірінші жерлемеуі керек, - деген болатын.

Кешегі күн ақпаратынан Қызылорда қаласында жауынгерлердің өліміне себепкер болған адамдар қамауға алынды деген хабар алдық. Ұлттық ұлан бас қолбасшылығы, ардагерлері мен жеке құрамы қаза тапқан жауыенгерлердің ата-анасы мен туысқандарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады. 

Қаңтар айының 10 жұлдызы елімізде ұлттық аза тұту күні болып белгіленді. Тәулік бойы ел тұрғындары ержүрек өрендерді аза тұтты.

Қазақстан Республикасының басшысы Қ.Тоқаевтың мемлекеттік наградалармен марапаттау туралы Жарлығынан ержүрек жерлесіміз Мадияр Қайсаровтың үшінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталғанынан хабардар болдық.

Осындай тосын жағдайлардан еліміз аман болсын.

Қ.Ахметова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?