Грант ұтып алып, кәсіп ашты


24.02.2023

Нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша аудан әкімінің грантын ұтып алып, автокөлік жөндейтін орын ашқан доскейлік Айдар Сайлауұлы Тельмашевтың қызметі көптің сұрауындағы сала.

Доскей ауылына 5 жыл бұрын көшіп келген Айдар Сайлауұлының негізгі мамандығы есепші. Мамандығының басқа болуы кейіпкерімізге сүйікті ісімен айналысуға еш кедергі келтірген емес.

Көліктің тілін түсіне білетін Айдар Сайлауұлы ең алғашында автоэлектрик мамандығымен бірге автожөндеу орталығында қызмет жасап, тәжірибе жинақтайды. Жаратушыдан бойына бақ болып дарыған талаптылығының арқасында тез арада білікті маман болып шыққан оның алғашқы қызметін ауыл тұрғындары жақсы бағалайды. Кейіннен «Майқұдық құс» фабрикасында жұмыртқа сұрыптау машинасын, «Каржолсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жол тазалағыш техниканы жөндеу жұмыстарымен айналысып, еңбек етеді. 2022 жылы Астана қаласынан ақ адал нанын тауып беріп отырған қызметіне сай білім алып шығады. Өзінің бизнес жоспарын құрып, аудан әкімнің грантына қатысуға ниет білдіреді.

Осылайша көп жылдан бері ойда жүрген бизнес-идеясын іске асырып, автокөлік жөндеу орынын ашады.

- Көлік жөндеуге кішкене кезімнен қызығатын едім. Қызығушылығым сүйікті қызметіме айналып, бүгінде жеке кәсібіме қол жеткізіп отырмын. Үкімет тарапынан талапты адамға әркез қолдау бар. 1 млн 225 мың 200 теңге көлеміндегі грант қаражатына қажетті құрал-саймандарымды сатып алып, ғимаратты жалға алдым. Әзірге өзім ғана қызмет жасап отырмын. Алдағы уақытта жаныма оқушы алсам ба деген ойым бар. Қазіргі уақытта тек қана автожөндеу орталығында емес, сыртқа шығып та қызмет көрсетіп жатырмын. «Майқұдық құс» фабрикасы, «Жәке» шаруашылықтарына барып техниканы жөндеу жұмыстарын жүргіземін, - дейді Айдар Тельмашев.

Жұбайы Бибігүлмен бірге 5 бала тәрбиелеп отырған оның алдағы уақытта кәсібімді дамыта түссем деген жоспары бар. Қолдан келетін істі әрі қарай дамытып, үлкен бір кәсіпке айналдыру үшін қажетті қаражатты грант арқылы алып отырған Айдар Сайлауұлы таза еңбек адамы.

Ол өз маңдай тері мен адал еңбегінен берекесін тауып отыр. Еріншектікке салынбай қолынан келген кәсібінен ақ адал асын тауып жүр. Таңның атысы, кештің батысы бала-шағаның қамы деп дамыл көрмей жүрген шебердің күнделікті жұмысынан бөлек біле жүрейін, үйрене берейін деген құлшынысы оны әлі талай биік белестерге жеткізеріне сенеміз.

Б.Жакешова

 

Суретте: кәсіпкер А.Тельмашев.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?