Арулар, асыл жандар...


06.03.2021

Аналар мен әжелер, қыз-келіншектердің мерекесі қарсаңында аудандық музей ұжымы кентіміздің кәсіпкер әйелдерімен кездесу өткізді. Қонақтардың барлығы жиналып болғанша дейін музей басшысы Орал Набиева жиналған қонақтарды тарихымызбен, көне жәдігерлермен, ауданымыздың ауылшаруашылығы, өсімдік шаруашылығына қатысты сөрелермен таныстырып, құнды мәліметтер берді.

Сонымен, қонақтардың барлығы құрметті орындарына жайғасты. Орал Набиева қонақтарды жиналғандармен таныстырды, мерекемен құттықтады. Бұқар жырау аудандық кәсіпкерлік және өндіріс бөлімінің басшысы Любовь Лузикова, кәсіпкер, аудандық мәслихат депутаты Анар Бозаева, «Универсам» дүкенінің басшысы Ольга Энс, Аида Құрашева сынды нәзік жандар кәсіпкерлікке қалай келгендерін айтып, жиналғандар ризашылығына бөленді.

Любовь Лузикова ауданымыздың төңірегінде 3 600 кәсіпкерлік тіркелсе, оның 1 500-і әйел адамдар екендігіне тоқталды. Арулар халық шаруашылығының барлық саласында – ауыл шаруашылығында, туризмде, құс өсіру шаруашылығанда, көкөніс өсіруде – өміріміздің барлық саласында еңбек етеді.

- Әрбір ана ең алдымен өз үйінде кәсіпкер, ол балаларының жылы жерде болуын қамтамасыз етеді, олардың кірін жуады, асын дайындайды. Осындай іскерлік қабілеттерін ол неғұрлым кеңейтіп, осы қызметтерін адамдарға ұсынса, одан табыс тауып жатса, кәсіпкерлік қыры осы деп айтуға әбден болады, - дейді.

Аналар неғұрлым аз шығын шығарып, біршама пайда табу жағын өзінің нәзік жүрегімен сезінеді және күшін салып, үлкен жетістіктерге жетіп жатады. Кәсіп ашатын бүкіл әйелдер неден бастасам деген ойда болады. Бір ана дәмді тамақ дайындаумен айналысса, екіншісі жеке меншік балабақша ашып, балалар тәрбиесімен айналысқысы келеді. Енді бірі отбасылық мерекеге арнап пицца, бауырсақ, торттар, пирогтар пісіріп, адамдарға ұсынады. Ауданымыздағы ең алғаш кәсібін ашқан Г.Босенок, Н.Мальм, А.Дакирова,   дәріханалар иелері осы уақытта адамдарға түрлі қызмет көрсетіп, нәтижеге жеткен жандар.

Анар Бозаева өзінің ата-анасы ашқан дайын бизнеске келгенін, оның алдында шет елде магистратурада білім алып, мемлекеттік қызметте еңбек еткенін айтады. 2018 жылы әкесі Байхан Бозаев өмірден өткеннен соң, ауыл шаруашылығына ауысқанын айтады. Оның алдында Қарағанды қаласында киім-кешек сататын бутигі болғанын, сол жерде көптеген дизайнерлермен танысып, олардың өнімдерін сатуға көмектескені туралы, мәслихатқа депутат болғаннан бергі біршама ізгілікті жұмыстары жайында қызықты етіп әңгімелеп берді. Бизнес бар жерде әрқашан тәуекел барын айтып, сөзін қорытындылады.

Ольга Энс өзінің ата-анасының 1996 жылы бизнесті 20 мың теңгемен ашқанын айтады. Ол ақшаны да таныстарынан қарызға алғандарын, ал мақсаты – кішкентай ғана азық-түлік дүкенін ашу болғанын есіне алады. Бүгінде бұл кішкентай дүкен ауданымыздың тұрғындарының көпшілігі баратын әмбебап дүкенге айналған.

Аида Құрашева үйінде бала тәрбиелеп отырған ана. Кентіміздегі «Бизнес орталықта» шаруасын қыздырып жүрген ол өзінің бүгінгі кәсібіне қалай жеткендігін есіне алып, тыңдаушылар үшін көптеген пайдалы дүниелерді айтып берді. Көкірегі ояу, көзі ашық, заман талабына сай ақпаратттар мен мәліметтермен қаруланған жас ана бүгінде өзінің тұлға болып қалыптасып, адамдармен араласып, мағыналы да молшылықта өмір сүруі жолындағы өткен жолын қызықты етіп әңгімелеп берді.

- Адамның идеясы инновациялық, қолжетімді, бәсекеге қабілетті, қызықты болуы керек. Мен тоғыз жыл үйде бала тәрбиесінде отырдым. Үлкендердің көңілін табу үшін дәмді етіп тағамдар әзірлеуге тырыстым. Балаларымның атаулы күндерінде торттар, пицца, пирогтар әзірлеп, олардың қуанышын жан жүрегіммен сезіндім. Бірақ, үнемі үйде отырған адам басқа адамдармен араласудан, өзін тұлға ретінде сезінуден қалады. Осының бәрін басымнан өткізген соң мен біртіндеп кәсіпкерлікке қатысты ақпараттармен таныса бастадым,  құзырлы мекемеге бардым. Құжаттар жинадым. Бір сөзбен айтқанда, жолымды өзім аштым. Бүгінгі жастарға айтарым, адам өзін өзі үнемі дамытып, білімін жетілдіріп,  кәсібін жүргізіп, адамдармен араласып, өмірдің қызықты жақтарынан қуат алулары керек, - дейді.

Осы күнгі ұйымдастырылған кішкентай шарадан үлкен ой түйдік. Алдымызда отырған арулардың жігеріне қызықтық. «Әйел қайраттанса - қазан қайнатады» демекші, жігерленсе қарды жандырар осындай аруларымыз қасымызда жүргенде еліміз қашанда бәсекеге қабілетті болмақ.

Шара соңында қонақтармен бірге естелікке суретке түсіп, Орал Набиева аруларды көктемнің керемет мерекесімен құттықтап, гүл шоқтарын ұсынды. 

Қ.Ахметова

Д.Торжановтың суреттерінде: экспонаттармен танысу сәті; құрметті қонақтар.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?