Қамбаға дән құйылды


19.09.2020

Орақ-2020

Күз мезгілі – берекелі де мерекелі жыл мезгілі. Қардың көбесі сөгілгеннен бастап қызу жұмысқа кіріскен диқан қауымы өз еңбегінің нәтижесіне қол жеткізеді. Малына азық, отбасына кіріс кіргізетін осы бір күндердің жылы да жауынсыз болуын барша жермен жұмыс жасайтын еңбеккер тілейді.

«Не ексең соны орасың» деген қанатты сөз бар. Жаңаталап ауылының тұрғыны, «Нұр Әділ» шаруа қожалығының директоры, ауыл тұрғындарының жанашыры, облыстық мәслихаттың депутаты Еркін Ахметов біздің бүгінгі мақаламыздың кейіпкері.

Күздің қоңырсалқын күнінде біз шаруа қожалығының басшысымен бірге егінжай басына аттандық. Шетіне көз жетпейтін сап-сары алқапта егін ору жұмыстары қызу жүріп жатыр. Шаруа қауымы барлық жұмысын ысырып қойып, егін даласындағы өнімін жинап алуға барлық ынтасымен кіріскен. Жауынды күндерге қалмай астықты қамбаға құю – олардың ең бірінші міндеті.

- Жеке меншігімдегі жер көлемі – 2 500 гектарға жуық. Оның 1 500 гектарына арпа, 1000 гектарына бидай, 20 гектарына картоп сіңірдік. Ауылдың 25 тұрғынын жұмыспен қамтып отырған жай бар. Жыл бойына еңбек ақы төлеп, әлеуметтік пакетін, медициналық сақтандыру, заңмен талап етілетін барлық тәртіпті орындаймыз. Егін оруға тамыздың жиырма бесінен бастап кірісіп кеттік. Он, он екі центнерден айналып жатыр. Бұл жаман көрсеткіш емес, - дейді шаруа қожалығының басшысы бізбен әңгімесінде.

Заман талабы жаңаруды, дамуды талап етеді. Жерлерді суармалы етіп жұмыс істеуді қолға алу бүгінгі таңның кезек күттірмес мәселесі. Басшының 75 гектар жерді суармалы қылып, жұмыс істеу жоспарында бар. Осы жаңашылдықты жүзеге асыру үшін 650-700 миллиондай қаражат керек. Шаруаларға көмек қолын «Қолдау» бағдарламасы  ұсынады екен.

Жайқалып тұрған егін алқабына мал атаулы түсуді ұнатады. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін жаз бойы егіндік жерін аралап, қараусыз малды ол жерден шығаратын   шаруа қожалығының басшысы алтындай уақытын жоғалтатынын айтады.

Әрбір жұмыс оған деген қызығушылықты, жанашырлықты талап етеді. Әсіресе диқандар мен мал шаруашылығында жүрген адамдар әр сәтін ұтымды пайдалануды мақсат етеді.

Барлық ауыл тұрғынының өмірі облыстық мәслихат депутаты Еркін Қабайұлының көз алдында өтіп жатыр. Әрбір отбасының жағдайы, өмірге бейімділігі, жетімсіздігі азаматты алаңдатады. Ауылының жанашыр азаматы, қайырымдылық жасауды дәстүрге айналдырған басшы ауылдастарым жүдемесін, баласы мектепке барсын деп, ата-аналарын жұмысқа шақырып жатады. Қолын созған адамды бос қайтармайды.

Заманымыз еңбек еткенді ұнатады. «Жатқанға жан жуымас»  деген мақал да бар. Әрбір үйдің молшылығы отанымыздың молшылығына ұласады. Жаздың мамыражай әрбір күні қысқы айлардың өнімін жинауға берілген. Осы кезде шама келгенше қимылдап, азық-түлік қоры мен малдың жемі мен шөбін жинап алған абзал.

Болашақта Еркін Қабайұлы ірі қара мал басын көбейтуді де жоспарлап отыр. Ол үшін ең алдымен малға керекті дәнді дақылдарды егу қажет дейді. Ертеректе силос, фураж деген малдың азығы кеңінен пайдаланылған. Онымен азықтанған малдың еті де, сүті де сапалы болып, еліміз азық-түлік тауарын өндірушілердің алдыңғы қатарынан табылған.

Ал қазіргі уақытта бұл ұмытылған, мал ұстаушылар қолда бармен ғана қанағаттанып, малдың сапасы төмендеген. Айналысқысы келгендердің қолы қысқа, қаражат та, жер көлемі де жетіспейді, ауылдар мен кенттердің маңы жеке тұлғалардың пайдалануына беріліп қойған,  жайылымдық жер тапшы. Ауыл тұрғындары мал ұстағаннан береке барын баяғыда түсінген, осы іспен айналысқысы келеді. Болашақта құзырлы орындар осы мәселені шешіп, ауыл адамының қолынан келер ісімен айналысуына жағдай туғызса дейміз.

Күздің қоңыр ауа-райында жыл бойына жасаған еңбегінің нәтижесіне қол жеткізіп жатқан Еркін Қабайұлына ауа-райының бұзылмауын, ұжымына береке мен бірлік, дендеріне саулық тілейміз.

Еліміздің болашағы - жас ұрпақ сіздердің еңбектеріңізден үлгі алсын дейміз.

Қ.Ахметова

Д.Торжановтың суреттерінде: егін ору; біздің өнім осындай; қырмандағы еңбек.



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?