Тарихтың бір бөлшегі


05.06.2021

Өрімдей жасында көппен бірге 1941 жылы желтоқсанда майдан даласына аттанған жерлесіміз Қуаныш Нұрланов 1948 жылы наурыз айында жеңіспен елге оралады.

Брянск майданындағы ең батыл барлаушыларының бірі болған жерлесіміз 1942 жылы 17 шілдеде 2 тұтқындаған сарбаз және жаудың 8 солдаты мен офицерінің көзін жояды. 1943 жылы 5 мамырда аға сержант Қуаныш Нұрлановқа өз полкінің шайқас кезінде қалған екі танкісінің тұрған жерін барлау тапсырмасы түседі. Қарсыластың миномет пен пулемет атуына қарамастан, жерлесіміз танктердің орналасуын анықтайды. Жауынгерлік машиналар апатқа ұшырады. Жау сарбаздары оларды жою үшін танктерге қарай ұмтылуға тырысады. Бірақ, батыл барлаушы бірде-бір немісті жібермей, автоматтан оқ жаудырып,  жойылған танктерді жарып жіберуге мүмкіндік бермейді. Барлаушының батыл әрекеттерінің арқасында экипаждар мен танктер құтқарылып, бөлімге жеткізіледі. Осы ерлігі үшін Қуаныш Нұрланов «Қызыл жұлдызы» орденімен марапатталды. Сондай-ақ Отан алдындағы ерлігі үшін 2-ші дәрежелі Отан соғысының ордені, «Ерлігі үшін», «Прага қаласын азат еткені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдары табысталады.

Елге оралған соң құрылысшы мамандығы бойынша еңбек еткен Қуаныш Нұрланов аудан орталығындағы бірқатар жаңа ғимараттар мен әкімшілік және әлеуметтік нысандардың бой көтеруіне өз үлесін қосады. Соның бір әлі күнге дейін аудан тұрғындарының игілігіне жарап отырған бұрынғы аурухана ғимараты. Алыс елді мекендерді қаламен байланыстырып отырған Қарағанды-Қарқаралы асфальт жолының құрылысы басталған жылдары кейіпкеріміз жол пайдалану бөлімінде құрылысты қажетті материалдармен қамтамасыз етуге, облыстағы ең ірі жол кәсіпорындарының бірінің толыққанды жұмысына тікелей атсалысады.

Жылдар жылжып, уақыт зымырағанымен Ұлы Отан соғысының ардагер жауынгерлерінің өмірі мен ерліктеріне қатысты біз білмейтін тың деректер әлі де көп. Жақын күндері жерлес ардагеріміз Қуаныш Нұрлановтың 1943 жылы 9-қарашада «Советтік Қарағанды» газетінде жарық көрген, майдан даласында жазған өлең жолдары қолымызға түсті. Сарғайған бір жапырақ газет бетіндегі бұл өлең жолдары майдан даласындағы жауынгердің анасына арнаған хаты. Өткен тарихымыз ретінде оқырманмен бөлісейік деп шештік. 

Анаға хат

Қария, қадірлі ана, хатыңды алдым,

Демепсің сағынумен ақылдан тандым.

Тамағым – қатық, қаймақ, ұн, бидайым,

Мол депсің еңбегі де атам - шалдың.

Әжетай, менен хабар білмек болсаң,

Мен жүрмін қорғауында алтын таңның,

Денеме дақ түсірмей жау жауыздан,

Қамалын көрген сайын қатуландым.

Тайынбай талай тынбай шабудамын,

Анам-ау, осал ем ғой, батылдандым,

Алысқан айуандай алпауытқа,

Асылдың алмасындай асылдандым.

Талабым талдай көктеп өскен сайын,

Нажағай сияқтанып жасылдандым.

Сияқты бабам қазақ батырландым.

Қорқам ба, қорынам ба, тайсалам ба,

Кешегі мен ұрпағы батырлардың.

Жүдеме, сағынба ана, жауды құртам,

Сапарға отан үшін белді таңдым!

9-қараша 1943 жыл

Дайындаған Б.Жакешова



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?