Тарих сыр шертеді


03.04.2021

Ер Едіге – тарихи ірі қайраткер, қабырғасы қайыспас қаһарман, түркі халықтары табынатын, данышпандығына, кемеңгерлігіне бас иетін, аңызға айналған тау-тұлға!

Бүгінде барлық түркі жұрты батылдығына, ерлігіне, қайраткерлігіне сүйсініп, бас иген ер Едіге сынды тұлғаларымызға көңіл бөлгеніміз аса маңызды. Едіге тәрізді еркіндік сүйгіш тұлғаларды тудырған түркі халықтары ешкімнің илеуіне көніп, айдауында момын қойдай жүре алмайды.

1339 жылы Едігеден жеңіліп кетіп бара жатып Тоқтамыс хан айтыпты деген мынандай сөз бар: «... Он сан ноғай ішінде, үш жүз отау қазағым, сені тағы алдырттым, ал аман бол менен соң...» Тоқтамыстың Еділдің төменгі жағына бір топ халықты шығыстан апарып қоныстандыруы «қазақ» деген ұғымға саяды.

Қазақтың арғы тегі – сақтар мен ғұндар. Сақтар біздің заманымыздан бұрынғы VII – IV ғасырларда Орталық Азияның Іле мен Жетісу өңірін мекендеген, өте күшті тайпалық одақтар құрған. Еділ бойындағы, Ресей мен қазіргі Украинаның оңтүстігіндегі тайпаларға да түркі тілін таратқан сол ғұн бабаларымыз. Қазіргі оғыз ұрпақтары қыпшақтар, қарлықтар Еділдің төменгі жағына, қырдағы сахараға, Сырдарияның төменгі қиылысына келіп тоқтаған ғұндардан сол аймақты мекендейтін қазақ рулары да өзінің арғы тегін іздей алады. «Арғын» деген атаудың өзі де ғұндардың «арұғ» ар-таза, ақ деген сөзінен шыққан, яғни «таза ғұн» деген мағынаны меңзейді ғой. Әлімсақтағы Алтай мен Каспий аралығындағы байтақ алқапты қазіргі қазақ халқының ата-бабалары сан ғасырлар бойы жайлаған. Батыс түрік қағанының ордасы Шу өзені бойындағы Суяп қаласында орналасқан. Одан он ғасыр өткеннен соң құрылған қазақ хандығы да күш-қуатын осы Шу өзенінің бойынан бастау алған. Олардың киіз үйде тұрғанын, жыл он екі ай малға өріс және жайылым іздеп көшіп жүргені, ет жеп, қымыз ішкені, жүннен киім тоқитынын көптеген дүниежүзілік деңгейдегі ғылыми дерек көздерінде тақыл-тақыл келтіреді.

Темірші – Шыңғысхан толықтай түркі тілінде сөйлеген. Шыңғысханның әскерлерінің көпшілігі түркі тайпаларынан жасақталған. Шыңғысханның өзі Тайшуат-Бөріжеген тайпасынан шыққан. Шыңғысхан қазіргі Қазақстанның Жетісу, Арқа аймағын аса қиналмай, қырғын соғыссыз өзіне қаратқан. Себебі бұл өлкеде Үйсін мен Арғындар көптеп тұрған. Салт-санасы, тұрмысы ұқсас, ең бастысы – тілі мен ділі бір туыстарын қуана қарсы алған.

Академик Әлкей Марғұлан Теміршіні түркі тілдес тайпалар қазіргі Қазақстандағы Семей облысының жерінде, кейін ұлы Абай туып-өскен аймақтағы Шыңғыстау етегінде ақ киізге көтерген деп болжаған. Сол жерде Орда деген тау да бар. Яғни, Темірші жаздық ордасын сол таулардың етегіне тіккен де, қыстауын Қара қорымға мықтап салған. «Қара» деген сөздің қазақшасы «үлкен» деген мағынада. «Шың» - биіктік. «Құз» - тереңдік. Қалай болғанда да Шыңғысхан – Түркі тілінде сөйлеген Ғұннан шыққан үлкен бір бұтақ Қият, Қияттан Тайшуат, Тайшуаттан – Бөріжеген өріле өрбиді. Ал одан бұрын ұлы Түрік қағанатына ұйытқы болған Алтай тайпалары өздерін Көк түріктерміз деп ерекше мақтанышпен атаған.

Татарлар Шыңғысханның әкесі Есугей ордасын ойрандап, өзін улаған. Қоңырат қызы Өлеңнің Темірші бастаған жетім балалары жасында қиындық, қуғынды молынан көрген. Кейін Темірші өз күш-қайраты мен ақыл-парасаты арқасында қолбасшылыққа қолы жеткеннен соң, ең алдымен тас-талқанын шығарған тайпаларының бірегейі – татарлар. Моңғол, маңғол, мұңғол деген сөз - атаулардың түбірі – мың қол! «Мың» - «көп» деген мағынамен пара-пар.

Жәнібек пен Керей сұлтандар өздерімен қандас, бауырлас елдерден құралған Моғолстан жаққа ауа көшеді. Жетісуды билеп тұрған Моғолстан ханы Есенбұғы 1434 – 1462 жылдары өзінің билік құрған «бұл қазақтарды Әбілқайырға қарсы пайдалану үшін аса жақсы қарсы алып, өзінің батыс шекарасындағы Шу өзенінің бойы мен Қозыбас аймақтарын береді.», - дейді тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати.

Алайда 1462 жылы Моғолстан ханы Есенбұғының қайтыс болуынан соң Моғолстанда қалыптасқан шырғалаң және Әбілхайыр мемлекетінен үздіксіз қауіп-қатердің төнуі Керейдің және бауыры Жәнібектің қолдауымен, 1465-1466 жылдары жаңа мемлекеттің – «Қазақ» хандығының құрылғандығын қалың жұртқа мәлімдеді. Бүгінгі ұрпақтың алдындағы зор міндет – Керей ірге тасын қалаған Қазақ хандығының ордасын асқақтатқан және оны қызғыш құстай қорғаған қаһарман әз Жәнібек хан болып табылатындығын ізгілік тілекпенен, жадымызда мәңгілікке сақтау дер едім.

Аталары Барақ хан дүниеден өткен уақытта Керей мен Жәнібек жас болатын. Халықтың бір бөлігін оңтүстік-шығысқа бағыттаған көш үдеді. Бұл көшті қожалар мен сопылардың қолдауына сүйенген Керей мен Жәнібек сұлтандар басқарды. Осы уақытта да, одан кейін де қазақ хандарының мұсылмандық рухта тәрбиеленгенін аңғаруға болады. Ертеректен келе жатқан этникалық жақындықты ескерген жергілікті дулаттар арғындардың бастауы арқылы көшіп келгендерге Қозыбасы өңірінен ата қонысынан жер бөлді. Кезінде арғу атанып, Тараз өңірінде дулаттармен бірге тұрған арғындар тарихының басты белгілері олардың рулық таңбаларынан да анық көрініс тапқан. Тарихи талдау көрсеткендей Моғолстанға Жәнібек пен Керейге ілесіп, 1459 жылы көшіп келгендер қатарында арғындар, жалайырлар, тарақтылар, наймандардың бір бөлігі, сары қыпшақтар, алшындардың Сыр бойындағы қаралар бірлестігіне кіретін кейбір рулары болғаны шындық. Сондықтан да көптеген бұлтарыссыз дерек көздері Жәнібекті қазақтың алғашқы ханы екенін дәлелдейді. «Әзиз» - «бәрінен үстем» есімімен ұлықталған хандар: Жәнібек пен Тәуке! «әз», яғни «әзиз» қасиетті Құранда «бәрінен үстем» деген мағынаға саяды. Бұл Құран кітабындағы Жаратушының жанама аттарының бірі ғой. Есім ханды қазақтар мекендейтін ұлан-ғайыр аймақтарды үшке (үш жүзге) бөліп басқару жүйесін енгізуші реформатор ретінде ерекшелейміз. Үлкен Орда Ұлы жүз аталып, қазақ мемлекеттілігі Қасым хан тұсында қосылған орталық өңірлер Орта жүз, ал XVI ғасырдың екінші жартысында бөлшектеніп кеткен Ноғай Ордасынан біржолата қол үзіп, Қазақ хандығына кейін қосылған батыс өңір қазақтары Кіші жүз атанған. Қазақ хандығының тәуелсіз мемлекет ретінде сақталып қалуына Күлтегіндегі жиындар, 1710 жылы шақырылған Қарақұм кеңесі, 1726 жылы болып өткен Ордабасыдағы жиын, 1730 жылғы Ұлытау жиыны, 1752 жылғы Ұлытау кеңесі, 1762 жылғы Қарқаралы құрылтайы зор ықпалын тигізді.

Осындайда тектіліктің тамыры, тектіліктің қаны не дейді? Қимас жан иесі – мейлі аз жасасын, мейлі көп жасасын бағасы қымбат дәуренге келуіне мүмкіндік берген ана сүті, ата күші сыйлаған дүние. Адам, адам дейміз, адамшылығы болмаса адам кімге керек? Өз халқының, ана сүтінің көргенді тегін, нәрін сақтамаған ұрпақтың оңғаны жоқ. Оқуы жоқ, тоқуы көп дала жұрты ұрпағын таза сақтау үшін мейлінше биік болуға, тіршіліктің өзге түрінен озық тұруға тырысқан ғой. Шыр етіп туған шақалаққа зеңбірек үнін емес, бесіктің жырын тыңдатқан. Тіршіліктегі міндетің үлкенге құрмет, кішіге ізет. Ата мен анаға үлкен мейірім. Ауыл-аймаққа, ел-жұртқа, бүтін халыққа, тамаша табиғатқа мейлінше адал қызмет қылу. Тектілікті пайымдап, сүйе білуді үйреткен, тұлға тегінің бесік бейіші – кіндік қан тамған жер, киелі топырақ.

Мақсұтхан Ақыштегі,

өлкетанушы-қаламгер

Қарағанды қаласы



Кері қайту

Тікелей желі 8 72154 21885 8 72154 21773
Бізге
жауап береді
Нөмірлер
мұрағаты

Сауалнама

Какая проблема района волнует Вас больше всего?